ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨЗДЕРІ НАШАР КӨРЕТІН БАЛАЛАРДЫҢ САНЫ АРТҚАН

742 көрілім

Мектеп жасындағы оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері арасында жылына 1 рет жүргізілетін медициналық тексеру барысы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жіті бақылауында. Қоғамда дені сау ұрпақ тәрбиелеу, жас организмнің толыққанды дамуына ықпал жасау ата-аналар мен жауапты медицина қызметкерлерінің басты борышы болып табылады.
Өкінішке орай, ата-аналардың көбі балаларының денсаулық жағдайының төмендеуін дер кезінде көңіл бөле бермейді. Медициналық тексерулерден өтудегі мақсат бала бойындағы ауруларды ерте анықтап, дерттің өршуіне жол бермеу, даму тәуекелдерін бағалау арқылы физиологиялық дамуын жетілдіру.
Сондықтан, мектеп жасына дейінгі балаларды, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді скринингтік тексеруден өткізу маңызды. 15-17 жас аралығындағы қыз балалардың стоматология, гинекологиялық тексерулерден өтуі қажет болса, ұл балалардың хирург-ортопед, невролог, стоматолог, офтальмолог, эндокринолог, уролог, ЭКГ мамандарының тексерулерінен өтуі тиіс.
18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын скрининг бойынша медициналық тексерулер тегін жүргізіледі. Скринигтік тексерулер барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар немесе жекелеген асқынған аурулармен ауыратын адамдар диспансерлік есепке алынады.
Түркістан облысында соңғы екі жылда оқушылар арасында көздері нашар көретін балалардың саны артқан. 2020 жылы жоғарғы сынып оқушылары арасында 1382, бастауыш сынып оқушылары арасында 1053 бала тіркеуге алынса, 2021 жылы жоғарғы сынып оқушылары арасында 1713 бала тіркеліп, жағдай 331 –ге артқан. Ал бастауыш сынып арасында жағдай 76 ға артып, 1129 оқушының көру қабілеттерінен ақау байқалған.
Аталған мәселеге ең алдымен гаджеттерді шамадан тыс пайдалану, смартфон қолдану сынды факторлар себеп. Көру органдарының патологиясынан өзге, мектеп жасындағы балалар арасында сколиоз яғни, дене бітімін түзу қалыптастыру жұмыстарын жүргізу өзекті мәселе. Соматикалық аурулардың тіркелуін төмендету үшін білім беру мекемелерінде компьютерлік және мультимедиялық сыныптардағы электормагниттік сәулеленудің деңгейін азайту, оқу кабинеттерінде температура режимін қалыпты ұстау, жарықтандырудың нормативтерге сәйкес болуы, мектеп жиһаздары (парта, стол т.б) оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ықшамдылығын қатаң қадағалап, ұйымдастыру қажет.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы