Бүгін, Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасында 27-наурыз Халықаралық театр күніне орай “Сахна сыры” атты театр әртістерімен кездесу кеші болып өтті. Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған шараға Түркістан қаласы ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасының орынбасары Бақытжан Бейсембаев, қалалық аналар алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, Түркістан облыстық Райымбек Сейтметов атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі Айдар Наурызбаев, Мәдениет қайраткері, сазгер Сауран Елеуов, және театр әртістері Қанат Садықбеков, Нұржан Ізтаев, Талғат Қарынбаев, Гүлзада Айтбаева қонақ болып келді.

Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімдігінің “Мәдениет және тілдерді дамыту” бөлімінің “Түркістан музыкалық-драма театрының өнер майталмандары Шерхан Саматұлы, Оспан Болатбек, Айя Дәрібаеваларда қатысып, жұмыс барысындағы оқиғалармен бөлісті. Аға театр мен жаңа театр арасында үлкен мәдениет ошағы жайында сырлы сұхбат өткізіліп, театр әртістері мен олардың өнерлері жайында сыр шертілді.

“Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараға келгеніме, жастардың жиналғанына өте қуаныштымын. Бұл дегеніміз мәдениет пен өнерге бет бұру деп білемін. Ел, ел болып қалыптасу үшін оның мәдениеті болуы керек. Жалпы өнер ол білгенге шексіз әлем. Сұлу өнер- адал, таза жүректен туады. Ең бірінші жүректеріңіз таза болсын, ойларыңыз таза болсын. Ал театр дегеніміз тылсым дүние, оны театрға келіп ғана көре аласыздар. Баршаңызды театрда күтеміз. “, деді Райымбек Сейтметов театрының әртісі Қанат Садықбеков.

Кеш қонағы Қанат Садықбековтан қонақ кәде сұралып, домбыраның үнімен ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кездесу барысында сұхбатты жалғастыру үшін кітапхананың бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева ортаға шығып сұрақ-жауап айдарын жүргізіп, арнайы қонақтар мен көрермендер арасында қызықты пікірталас өткізді.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.
