«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» ШАРАСЫ ӨТТІ

1  202 көрілім

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күніне орай, Мырзахан Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Шара шымылдығы ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырумен ашылды. Қол күрес, арқан тартыс секілді жарыстарда мектеп қызметкерлері сайысқа түсті. Мектептегі өнерлі өрендер ән мен жырдан шашу шашты.


Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден сыр шертетін әңгіме де айтылды, көрініс те қойылды, қазақы ойындарымыз да назардан тыс қалмады. Мектеп мұғалімдері кір тасын көтеру мен арқан тартудан бақ сынасты. Оқушылар мен мектеп ұжымы мерекелік кешке аса ыждаһаттылықпен дайындалғаны көрініп-ақ тұрды.


«Мектебіміздегі өтіп жатқан шара наурыз мерекесін тойлауға бағытталған. Мектеп ұжымы болып, әз-Наурызды тойлауға атсалысып жатырмыз. Ұлттық спорт түрінен жарыс ұйымдастырып белсенді көзге түскен мектеп қызметкерлерін сый-сыйапаттар мен ынталандыру сыйлықтарымен марапаттадық», – деді оқу ісі жөніндегі орынбасары Жалғас Тұрымбетов.
Білуімізше, қазақ даласының өзінде ғана климаттық жағдайға байланысты жыл басы 40 күнге дейін тойланған деген дерек бар. Осы дерекке сүйене отырып, оқушылар, ұстаздар, ата-аналар біріге отырып, әз – Наурызды өткерді.


Қонақтарға ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, басты тағам наурыз көже ұсынылды. Дәстүрлі әндер шырқалып ұлттық өнер ұлықталды. Ұлттық құндылыққа негізделген шараға ардагер ұстаздар қатысып, наурыз мерекесімен құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Соның бірі зейнеткер ұстаз Патима Сәрсенбаева осындай мерекелік кешті ұйымдастырған мектеп басшылырына алғыс білдіріп, келген қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Қыстан аман-есен шығып, мал тұяғы көкке, аузымыз аққа ілініп, ұлтымыздың Жаңа жылы аталмыш мектепте осылай тойланды.

Айжан ЫДЫРЫС,
ХҚТУ 4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы