- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанда Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан «Құран бұлбұлдары» атты сайыс өтті. «Хазіреті Әбу Бәкір» мешітінде өткен жарысқа сауат ашқан 50-ге жуық балалар қатысты. Олар қаладағы мешіттердегі ұстаздардан білім алушы шәкірттер. Мұғжиза кітаптың 1 және 2-3 парасын жаттағандар өзара бөлініп сынға түсті. Қала көлемінде өткен рухани доданың басында Алла сөзі саналған Құран аяттары оқылды. Қазылар алқасы таныстырылып, қатысушыларға бәсі биік бәсекенің тәртібі түсіндірілді.


Құранды құшақтаған балалардың жазғы демалысын тиімді өткізгендігі байқалды. Өйткені, жарыс барысында Құранның белгіленген парасының кез келген аятынан оқып ұстаздар бастап берсе, сайысқа қатысушылар оны жатқа айтып жалғап отырды. Одан бөлек, сан қилы сұрақтар қойылып, білім алушылардың бағы сыналды. Құран жарысына арнайы қатысқан Түркістан облысының өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді келешек қариларға сәттілік тілеп, сауапты істі атқарған азаматтарға алғысын білдірді. Ал, Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбеков қазылар алқасында болып, шәкірттердің білім деңгейін бағамдады.


Сайыс қорытындысы бойынша қара озып, дара шыққандар анықталды. Атап айтсақ, Құранның 3 парасы бойынша Юнус Жұмаханұлы 1-орынды иемденсе, Абдурахман Сайдуллаев 2-орынға табан тіреді. Ал, Санжар Бахадиров болса 3-орынды қанағат тұтты. Бұл 3 жеңімпазда «Хазреті Әбу-Бәкір» мешітінің шәкірттері. Құранның 2 парасын оймен парақтағандар арасында Азамат Нуриддинұлы «Мағзаман» мешіті 1-орын алса, «Нәзір Төреқұлов» мешітінің дәріс алушысы Нұрасыл Бақытұлы 2-орынды қанжығаға байлады. «Қарабура» мешітінің шәкірті Нұрлыбек Шекербек 3-орынды місе тұтты. Құранның 1 парасы бойынша бақтарын сынағандар арасында 1-орын «Жұма» мешітінің намысын қорғаған Ахмадбек Ботаев 1-орын алып ұстаздарын қуантса, «Хилует» мешітінің қос бірдей шәкірті Ибрагим Берікұлы мен Бейбарыс Оралбекұлы 2 және 3-орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздарға қаржылай сый-сияапаттар беріліп, алғыс хаттар табысталды.


Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».