ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

1  077 көрілім

ҚР Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Бұл Жолдаудың бұрынғы жолдаулардан өзгешелігін, жаңарған Қазақстанды құруға сәтті қадамдар жасалғанын аңғардым. Конституциялық сот құрылатындығын, ұлттық құрылтай жасақталатындығын, Президент, әкім, әкім орынбасарлары партияға мүше бола алмайтындығын, сондай-ақ, сенаттағы президенттік квотаның 15 – тен 10 депутатқа дейін қысқаратындығын, Президенттің жақын туыстарының лауазымды басшылыққа тағайындалуына заңмен тиым салынатындығын нықтап айтты. Мұның барлығы көкейіміздегіні дөп басты. Мемлекет басшысы ел еңсесін түсіріп, келешектеріне көлеңкесін түсірген сыбайлас жемқорлықпен күреске білек сыбана кіріскенін, халықтың жағдайын жақсартуға арналған пәрменді реформаны қолға алғанын аңғару қиын емес. Президентіміздің: «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз, қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті» деген сөздері келешекке деген сенімімізді оятты. Әсіресе, дүйім жұрт мемлекет басшысының облыстарымыздың санын көбейтіп, аумақты кеңейтуге шешім қабылдағанын жақсы ықыласпен қабылдады. «Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз» дегені жанымызға жылы әсер етті. Енді еліміздегі 14 облысқа Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары қосылды. «Көш жүре түзеледі» дейді дана халқымыз. Ең бастысы, тың серпін, жаңа өзгерістер басталды. Әлі де жолға қойылатын мәселелерді көптің пікірін үнемі қаперіне алып жүретін көшбасшымыз бастап, баршамыз қостап, жақсылыққа бет бұрамыз деген ойдамын. «Барлығына өзгеріс керек, өзгерісті өзімізден бастауымыз керек» деген сөздердің мән-маңызына жете білейік. Ел-жұртымыз аман, бірлігіміз мығым болып, мемлекетіміз өркендей берсін!

К.Ешенқұлова,

Аудандық әжелер алқасының төрайымы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы