Биыл рухани астанамызда 200 мыңға тарта сәнді гүлдерді егу жоспарланған. Жақын күндері қала алаңдары, саябақтар, желекжолдар, гүлзарлар мен көшелер көздің жауын алатын қызылды-жасылды гүлдермен және жасыл желекпен көмкерілмек. Атап айтсақ, раушан, бақытгүл, ирис, астра, сальвия, тагетс, петуния, шафран т.б.
Солардың бірі «Бақытгүл» (хризантема) – астралылар тұқымдасына жататын бір және көп жылдық өсімдіктер туысы болып табылады. Олар негізінде Еуропа, Азия, Африкада таралып, 200-дей түрі бар. Қазақстанда бау-бақшаларда, саябақтарда, гүл шаруашылықтарында шеңберше тәрізді Бақытгүл түрі қолдан өсіріледі. Ол көгалдандыруда алғашқы орындарға ие болып келе жатқан көпжылдық, шөптесін бақша гүлі. Гүлінің түсі ақтан қараға дейінгі аралықта алуан түрлі. Биіктігі мен гүлдеу уақыты сұрыптарына байланысты әртүрлі боп келеді. Ол жаздың күзге ауысқан мезгілінен қар жауғанға дейін молынан гүлдейтін бірден-бір өсімдік. Бақытгүлін әсіресе, жапондар қатты қадірлейді. Жапон елінде бақытгүліне қатысты жыл сайын тойланатын дәстүрлі “Бақытгүлі” мерекесі бар.
Раушан гүлі-Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеулерінде өседі. Раушангүлдердің көп түрлері Азияда өседі, оларды Солтүстік Америкада, Еуропада және Африканың солтүстік-батысында кездестіруге болады. Қазақстанда 36 туысы, 200-ден артық түрі бар, оның 12-сі өте сирек кездесетін өсімдіктер, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Ирис (құртқашаш) – табиғатта 250-ден астам түрі белгілі шөптесін өсімдік. Оның көптеген түрлерінің ішінде бір метрден асатын өте биіктері және тым аласа түрлері де бар. Гүлінің түсі ақтан қоңыр қызылға дейінгі аралықта алуан түрлі болып келеді. Оны көбінесе гүлзардың алдыңғы жағына немесе альпі шоқысына отырғызады. Құртқашаштың гүлдеу уақыты түріне қарай көктемге немесе жаздың басына сәйкес келеді. Табиғаттағы түрлері сәуір айында ерте гүлдесе, көгалдандырудағы түрлері мамыр, маусым айларында гүл жарады.
Барқытгүл (тагетс) – қашқаргүлдер тұқымдасына жатады. Отаны – Орталық Америка. Табиғатта оның 30-ға жуық біржылдық түрлері бар. Қазақстанда екі түрі де қолданыста. Биіктігі сұрпына қарай 15-см ден 90 см-ге дейін жетеді. Біржылдық гүлдердің ішіндегі ең ұзақ, көктемнен алғашқы суыққа дейін гүлдейтін өсімдік. Ою-өрнек, кескіндер, гүлмен көмкерілген сөздер жазуға, гүлзардың жиектеріне, гүлді кілем жасауға көп қолданылады. Жалпы гүлінің молдығына, әдемілігіне және төзімділігіне байланысты қала көгалдандыруында көп қолданыста.
Гүлдердің басым көпшілігі қаламыздағы Əкімшілік іскерлік орталыққа – 12 600, Мəдени рухани орталыққа – 38 000, Б.Саттарханов даңғылы жол бойы мен «Желілік саябағына» – 90 000, ƏмірТемір көшесіне – 5 000, Байбұрт көшесіне – 3 400, Байтанаев скверіне – 4 000, Қазыбек би көшесіне – 15 000, «Рəміздер алаңына» -10 000, «Түркі бағына» – 18 000, Н.Назарбаев аллеясына – 2 000, «Гүлдер саябағына» – 2 000 данадан егілетін болады.
Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қаламыздағы көгалдандыру жұмыстарын атқарып келуде. Мекеме тек гүл-ағаш отырғызып қана қоймай, сонымен бірге олардың күтіміне, сақталуына да жауап береді. Сондай-ақ дер кезінде агротехникалық шаралар өткізіп, бүлінген, зақымдалған өскіндерді емдеп, қалпына келтіріп отырады. Ұжымдардың құрамында білікті агрономдар, флорашылар, энтомологтар көптеп жұмыс істейді.
