БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ҚҰШАҒЫ ТЕРБЕТКЕН

883 көрілім

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Қазақстандағы ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны, түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған, түркі әлемі жастарының басын біріктірген бірінші білім және ғылым ордасы. Ахмет Ясауи университеті – түркі әлеміндегі бірегей университет. Атаулы білім ошағында әлемнің 17 елінің жастары білім алуда. Онда 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор. Ордалы оқу орнында білім алатын шетелдік білімгерлердің өз Отанын сағынып, аңсары ауып тұратыны рас. Сондай студенттердің туған жерінде болып жатқан саяси яки экономикалық мәселелер туындаған жағдайға деген көзқарастары мен пікірлерін біліп, тілдескен едік.

ҮКІМЕТІ ҚҰЛАҒАН ЕЛ ҚИРАНДЫҒА АЙНАЛДЫ

Мен, Мәрзия Ахмади Ауғанстан азаматы ретінде өз басымнан өткен оқиғаны сіздермен бөліскім келеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетінің журналистика факультетінің студентімін. Бірақ Ауғанстан ислам республикасының Үкіметі құлаған кезде мен Ауғанстанның ішінде тұрдым. Ауғанстанда тәлібтер бірнеше жыл бойы Ауғанстанның әртүрлі қалаларында жанкешті жарылыстар жасады. Ауғанстанға тәлібтердің мұндай шабуылдары 2021 жылдың шілдесінде ұйымдастырылды. Ауғанстанның 34 провинциясына күн сайын тәлібтердің шабуылына ұшырап, оның барлық үйлері, дүкендері мен қалалары өртеніп, көптеген әскерилер, бейбіт тұрғындар мен балалар, әйелдер, ер адамдар айуандықпен өлтірілді. Барлық халық таулар мен көлдерге қашып кетті. Ал күн сайын Ауғанстанның үлкен қалалары тәлібтердің қолына өтті. Ақырында Ауғанстан астанасы 2021 жылдың 15-ші тамызында Талибан шабуылына ұшыраған соңғы қалалардың бірі болды. Талибан Ауғанстанның астанасын күрессіз басып алды. Өйткені, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Ауғанстан үкіметін талибанға сатып жіберген болатын. Ал Президенттің өзі миллиондаған доллармен Ауғанстаннан қашып кетті. Тамыз айында Ауғанстан Үкіметі құлады. 16-30 тамыз аралығында әртүрлі елдердің көптеген өкілдері өз елдеріне шақырылды. Оның ішінде журналистер, спортшылар, азаматтық белсенділер, елшілік қызметкерлері Еуропа елдеріне төлқұжатсыз, визасыз жеткізілді.

Ауғанстан Үкіметінің құлауымен бұл ел қирандыға айналды. Кез-келген елдің байлығы сол елдің жас тұрғындары. Ауғанстанда соңғы 20 жылда мыңдаған жас ауғандық жанкешті жарылыстар мен қаскөйлік жарылыстардан қаза тапты. Ақыры ел құлаған сайын мыңдаған білімді жастар атамекенін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазір Ауғанстанда адамдардың тұруы өте қиын. Қазіргі кезде аштық жайлағандығын естіп жатырмын.

Мен ауғанмын. Ахмет Ясауи университетінің 4-ші курс студентімін. Ал, менің біраз туыстарым Ауғанстанда тұрады. Кейбірі аман қалу үшін Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болды. Барлық адамдар Талибан туының ас-тында құл сияқты өмір сүруде. Талибан Үкіметін әлем елдері мойындамайды деп үміттенемін. Шіркін, ай туған топырағымда тыныштық қашан орнар екен? Құдайдан күні-түні, жатсақ та, тұрсақ та сұрайтынымыз сол.

Әттең қолымда билік болса, ауған халқының сорына айналып, қуатты елдердің көзінің сұғын қадап, елді қанап, байлардың табысын тасытып отырған апиын алқабын бір сәтте өртеп, жер бетінен жоқ қылып жіберер едім.

ЕЛІМІЗ ТЫНЫШ БОЛСЫН!

Мен, Мамагуль Нуралиева Қырғызстан Республикасының азаматшасы ретінде өз басымнан өткен оқиғаларды сіздермен бөліскім келеді. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Халықаралық қатынастар» мамандығының 4-курс студентімін. Бүгінде Қырғызстанда ең өзекті мәселелердің бірі ретінде билік және шекара мәселесі шешілмей тұр. Себебі, бізде осы 2022 жылға дейін билік бес рет революцияға ұшырады. Олар 2005, 2010, 2015 және 2020 жылы 10 қазанда болды. Қазір президентіміз Садыр Жапаров және билік тұрақты болып тұр.

Ендігі кезекте айтулы мәселе Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара. Қырғызстан Республикасы егемендігін алғалы бері бұл проблема шешілмей келе жатыр. Себебі, Қырғызстанның шекарасы әлемдік географиялық картада дұрыс емес сызылғаны үшін бұл сұрақ шешілмей тұр. Біздің Қырғызстанның жерлерін Тәжікстан ешқандай дәлелсіз бұл біздің су, бұл біздің канал деп өздеріне тартып, басып алып жатыр. Мен бұл әрекетті дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, картада Қырғызстанның жері деп көрініп тұрса да тәжіктер өздері мүлдем басқа картамен ол жерді өздерінікі етіп көрсетіп жатыр. Олар біздің елге күш қолдануда. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон дұрыс емес шешім шығарғаны үшін қорғаныс министрімен өзара келіспеушілік орын алуда. Екі елдің қарапайым халықтары арасында түсініспеушілік бар. Бұны билік шешіп, бітіруіне болады. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл мәселе одан ары ушығып отыр. Қаншама халық зардап шекті.

Менің университетте «Халықаралық қатынастар» мамандығында оқуымның негізгі себебі де осында. Бұйырса, осы оқуымды тәмәмдағасын мен тек екі мемлекеттің емес, Қырғызстанның барлық мемлекеттермен шекара мәселесін, экономикалық болсын тағы да басқа сол сияқты мәселелерін шешу үшін әрекет етемін. Бізде мақал бар: «Билікке басқаратын хан келмейінше ол жерде қан төгіледі» дейтін. Осы секілді көтерілістердің кесірінен қаншама адам өмірден озды, қаншама ана баласыз, қаншама әйел жесір қалды. Көпшілік біздің елдің жастары мен сияқты қазіргі таңда көбінесе мықты шетелдік ЖОО оқып жатыр. Алдағы уақытта осы жастар мықты тәжірибелерімен елге оралып, сол білімнің нәтижесін отанына көрсетіп, жоғары атап өткен ауқымды мәселелердің төңірегінде жұмыс істейтінімізге, барлық жайлардың толыққанды шешімін табатынымызға зор сеніммен үміттенемін! Еліміз тыныш болсын!

Жаһандық көшке ілесіп дамудың жаңа ғасырын жасап жатқан түркі жұртына да осы бір береке-бірлікті, ынтымақты шын жүректен тілеймін.

БЕЙБІТ ЕЛДЕ ҚАРУДЫҢ ДЫБЫСЫ ЕСТІЛМЕСІН!

Бейбітшілік орнаған, тыныштық сақталған, тәуелсіз жеке дара мемлекет ұғымын әуелден-ақ санамызға сіңіріп өстік. Қарудың дыбысын естімей өскен біз, жақынынан айырылып жоқтау айтып қайғырған ата-ана бейнесін тарихтан оқушы едік. Әлем төңкеріліп бір-біріне қарсы тұрса да, Қазақстан бейбіт мекен, жәннәт құшағындай көретін қандастарымыз елге көшіп келіп, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған мекенге оралуға асығатындар аз емес. Солардың бірі қандасымыз елге қоныс аударғанына аз уақыт болса да жанұясының Қытай Халық Республикасынан Алматы қаласына көшіп келуіне себеп болған Нұғыман Ризамен Алматыда орын алған қаңтар оқиғасы жайлы ойын білдік.

2017 жылы Семей қаласындағы Шәкәрім университетіне грантқа түстім. 2018 жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі «Халықаралық қатынастар» мамандығының грант иегері атандым. Қазір 4 – курс студентімін. Жоғарыда айтып өткенімдей әкем мен анамды туған топыраққа қоныс аударып көшіп келуіне барлық жағдай жасап қолдау білдірдім. 2019 жылы Алматы қаласынан тұрғылықты үйімізді сатып алып сонда тұрып жатырмыз. Мереке күндері, сағынышым үдеген кезде еш кедергісіз ата-ана құшағына жетіп бару қандай бақыт екенін ұғындым.

Алайда 2022 жылы қаңтар айының басында жаңа жылды қарсы алып соңғы емтихандарымды тапсырып біте сала үйге қайтуды жоспарлаған болатынмын. Сол сәтте мен күтпеген жағдай Алматы қаласында орын алып отбасымның жанына жете алмай қалдым. Сол күндері талай қазақ қабырғасын қайыстырған қаралы қаңтар оқиғасы орын алды. Байланыс жүйесі кесіліп, хат алмасып байланысатын әлеуметтік желілер істен шығып, жақындарымнан хабар ала алмай қатты алаңдадым. Елдегі ахуал сәл тұрақталып, байланыс белгілі бір уақытқа дейін қосылғанда отбасыммен тілдесіп отырдым. Жағдайларының жақсы екенін біліп іштегі үрей су сепкендей басылды. Ел президенті қазақ сахнасында орын алған саяси мәселені шешу үшін ат салысып адам шығынын барынша болдырмауға тырысты.

Қазақстандағы саяси экономикалық мәселе мұндай дәрежеге жетіп, жағдай шиеленісетінін мүлдем күтпедім. Содан ба санамызда бұл сөздер соғыссыз, қару- жарақсыз, өлім-жітімсіз мамыражай күн орнаған шуақты мемлекет деген мағына береді деген сөздермен санамызға сіңдірді. Бір уыс топырағын, бір жұтым суын аңсап келген отанымның халқы қара жамылмасын, қайғырмасын, қайыспасын дегім келеді. Саяси шиеленіскен мәселелер жырақта жүрген отбасылардың тағдырыныа кері әсер бермесе екен.

ЕЛІМІЗДЕ ЖӘНЕ ӘЛЕМДЕ БЕЙБІТШІЛІК БОЛСЫН!

Менің есімім Мээрим Бақытова. Қырғыз елінің тумасымын. Нарын облысында туып-өстім. Қазіргі таңда Халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курс студентімін. Мамандығым – «Халықаралық қатынастар». Мен өз елімді және сол елде туғандығымды мақтан етемін.

Әрбір елдің ішкі және сыртқы мәселелері болады. Сол секілді біздің елімізде де экономикалық қиындықтар бар. Қырғызстанның саяси, экономикалық жағдайы қазіргі таңда айтарлықтай жақсы емес. Осы себептен елімізде революция жиі болғандықтан біз саяси тұрақтылығымызды жоғалтып жатырмыз. Мысалға, өткен жылы бізде парламеттік сайлау болды. Барлығы 17 саяси партия қатысты. Отбасымыз және мен еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтап қалу мақсатында дауыс бердік. Бірақ, сайлаудың жиынтығы хал-қымызды қанағаттандырмағандықтан еліміз көтеріліске шықты. Сайлау қорытындысын жоққа шығарсын деп. Иә, елдің қалауы орындалды. Әрине, халқымыз бұл нәрсені бәріміздің бейбітшілігіміз үшін жасап жатыр. Бірақ, бір жағынан біз көрші елдеріміз бен саяси тұрақтылығымызды жоғалтып жатырмыз.

Мені сол кезеңдерде алаңдатқан басты мәселе елімізде болып жатқан саяси жағдай туралы өзге елдердің БАҚ-да шығып жатқан жаңалықтар болды. Тіпті, кейбірінде ақпараттар бұрмаланып беріліп жатты. Бұл жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Бұл ретте біздің БАҚ өкілдерінің де кінәсі бар деп ойлаймын. Дер кезінде өз елімізді және әлем елдерін сапалы, ресми ақпаратпен қамтамасыз еткенде басқа елдердің біздің еліміз туралы ойы өзгермес пе еді? Шыны керек, сол кезде барлығымыз да алаңдаумен болдық. Жағдайдың бәрі дұрыс шешілді.

Ал, қазіргі саяси жағдайды айтсам, Тәжікстан мен Қырғызстан арасында шекара мәселесі әлі бір бітімге келмеді.Оның кесірі Баткен елінің тұрғындарына тиіп жатыр. Қаншама азаматтарымыз қайтыс болды, қаншама үйлер қирандыға айналды. Билік шешуге тырысып жатыр, бірақ әлі нақты бір шешімді естімедік.

Біздің еліміз дамушы елдер қатарына жатады. Қазіргі болып жатқан саяси тұрақсыздық уақыт өте жөнделер деген үміттеміз. Осы жолда біздер, жастар, барынша өз үлесімізді қосамыз. Себебі, болашақ жастардың қолында. Әрқайсымыз асқан жауапкершілік танытып, дамуды алдымен өзімізден бастауды, білім алып, сауатымызды арттыруды қолға алсақ елімізде және әлемде бейбітшілік болады деген үміттемін.

Дайындағандар:

Мәрзия АХМАДИ,

Зарина КЕНЖЕТАЕВА,

Айжан ЫДЫРЫС,

Ақбота ЕРГЕШБАЙ,

ХҚТУ-дың 4 – курс студенттері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы