ҚР Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру, жастарды патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу мәселелеріне ерекше тоқталып өткені баршамызға мәлім. Президентіміз биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауды ұсына отырып, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру қажет екеніне тоқталып өтті.

Мемлекет басшысының қойған осы тапсырманы іске асыру үшін Қарулы Күштер өңірлерде «Жас Сарбаз» балалар – жасөспірімдер, әскери-патриоттық қоғамдық бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін арттыра түсуде. Елдің болашағы болып табылатын өскелең ұрпағымызды жан-жақты қолдап, әскери-патриоттық тәрбиелеу ісін дамыту келешегімізге нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Н.Дүйсебаевтың нұсқауымен Түркістан қаласында Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында «Жас Сарбаз» әскери патриоттық клубы ашылды. Салтанатты шараға Түркістан облысы бойынша Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Бегимов, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Ж.Күлдербаев, Түркістан облысы «Жас-Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облысы бойынша филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы А.Шекербек, Қарулы Күштері ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Б.Алдабергенов, Түркістан қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Н.Ахметұлы, Түркістан облысы жастар ресурстық орталығы директорының кеңесшісі Д.Ақсақаловтар қатысып, құттықтау сөз сөйлеп жастарға жалынды ойларын айтып, мектеп ұжымына табыстар тіледі. Өз кезегінде мектеп директоры филология ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Үрімова келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, оқушыларының алда биіктен көрінетінін жеткізді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, оқушыларға керемет көңіл сыйлады. «Жас сарбаз» клубына 10 ұл бала, 5 қыз бала мүшелікке қабылданып, жас сарбаз куәліктеріне ие болды. Келешек әскери қолбасшылар мен работатехниканы дамытатын әскери мамандар даярлауға үлес қосатындықтарын жеткізді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
