Түркістан қаласының шағын аумақтарын абаттандыру және 20 қоқыс орындары белгіленіп, жарықтандыру үшін 100 электр бағанасын орнату жоспарланған. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы І және ІІ шағынаудандар аумағын абаттандыру жұмыстары қарқынды. Мұндағы аулаларда ескіріп, жарамсыз күйге түскен балалар ойын алаңдары толығымен қайта қалпына келтірілмек.

Мүлдем жарамсыз ойын құрылғылары жаңадан орнатылады. Абаттандыру кезінде басымдыққа ие негізгі жұмыстардың бірі – автотұрақ. Бүгінде көлікке арнайы орындар салынып жатыр. Жалпы 9 аулада балалар ойын алаңы мен футбол алаңдарын қайта іске қосуды наурыз айының соңына дейін аяқтау көзделген.

Қоқыс жәшіктерінің орындары қажеттілігіне қарай өзгертіліп, жаңадан орнатылады. Жобаның жұмыс жоспарына сәйкес ескірген жақтама тастар бұзылып, аяқжолдар төселуде. Аулалардағы бос орындарға ағаш егу жұмыстары да талапқа сай жүргізілмек. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков осы жұмыстар барысын қадағалап, мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруды тапсырды.