Түркістан облыстық Отбасы академиясы қоғамдық қоры «Өнеге» жобасы аясында қаламыздағы барлық мекеме басшыларымен кездесу өткізді. Атап айтсақ, жиында білім бөлімі, ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, полиция, денсаулық сақтау саласы мамандарымен зорлық-зомбылық, жұмыссыздық мәселесі төңірегінде кеңінен әңгіме өрбітті.

Себеп – бүгінгі қоғамда аталған істердің жиі көрініс табуында. Соны болдырмау мақсатында басшылармен бірлесіп жұмыстар жүргізу.
«Осы айдан бастап білім саласы бойынша психолог, социологтармен іс-шаралар жүргізу жоспарда болатын. Жастардың ерте жүкті болмауы және ерте неке қиюдың алдын алудың да бір тәсілі осы. Өйткені, колледжде осы мәселе өршіп тұр. Әсіресе, 1 курс студенттерін алып қашу әлі күнге дейін орын алуда. Тіпті ата-аналардың өзі жасы кішкентай екеніне қарамастан, «студент» деп дес бермейді. Оны біз мамандар арасында қаңтар айынан бастағанбыз. Көпбалалы отбасындағы балалардың уақытын тиімді өткізуі үшін тегін үйірмелерге беруді де қарастырдық. Жалпы, жас ұрпаққа балабақшадан бастап көңіл бөлу керек. Көп отбасында ер адамдар жұмыс істемейді екен. «Неге жұмыспен қамту орталығына бармайсыздар?», «Неге жұмыссыз ретінде тіркелмейсіздер?» десем «білмейміз» дейді. Демек оларға ақпарат жетпеген. Сол себепті, осындай орталық барын кеңінен насихаттау керек», – деді академияның Түркістан облысы бойынша төрайымы Баян Жандосова.
Ал, маусым айынан бастап «Бақытты отбасы» жобасы аясында 5 конкурс жарияланған. «Отбасымен жазғы демалыс» және «Өз отбасымның хикаясы» атты шілде мен тамыз айларында екі конкурс өтіп, нәтижесінде Кентау мен Шәуілдір қаласының екі тұрғыны жеңімпаз атанды. Онда тақырыпқа сай суреттерді әлеуметтік желіге жүктейді. Ең көп лүпіл жинаған қатысушы 100 мың теңге ақшалай сыйақы ұтып, тұрмыстық техника алып, кәдесіне жаратады.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».