Түркістандағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі жаңа ғимаратта халық игілігі үшін атқарылатын жұмысын бастады. Нақтылап айтсақ, қазіргі таңда бұл мекеме Түркістандағы жаңа автовокзалда елге қызмет көрсетіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған орталыққа барып, жұмысымен танысты.

Орталықта қызметкерлер мен қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда автокөлікті құжаттандыруға байланысты барлық қызмет ұсынылады. Атап айтсақ, сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ автокөліктерді тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан кейін облыс әкімі Экобазарға барды. Нысан 1 қабатты, көлемі – 14 га. Нысанның құрылыс басында 80-нен астам адам, 10 техника жұмыс істеп жатыр. Атаулы нысанның қарсы бетін қаптау жұмыстары – 90%-ға, инженерлік жұмыстар – 90%-ға аяқталған. Қазақстанда теңдесі жоқ базар наурыз айында ашылады деп жоспарланып отыр. Сауда кешенінде 3000-ға жуық сауда орындары бар. Тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қойма, қонақ үй, демалыс орындары, фудкорт және ойын-сауық кешендері бар. Кешенде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» ӘКК АҚ ұйымдастыруымен 2-3% жеңілдетілген несие беріледі деп жоспарланған. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз нарыққа шығара алады. Базар жанындағы жаңа автовокзалдан Республика ішінде және халықаралық бағыттарға қоғамдық көліктер қатынап, жан-жақтан келетін туристер мен жолаушыларға тиімді жағдай жасалады.
