Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылдық округінде 80 млн. теңгені құрайтын спорт мектебі салынды. Аталған нысанға Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев арнайы барды. Мемлекеттік әріптестік- жекеменшік бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында салынған ғимарат құрылысы өткен жылы басталған болатын.

Мектепте шахмат, бокс, қазақ күресі, қол күресі және үстел теннисінен жастарды спортқа баулуда. Екі қабатты ғимарат ішінде жастардың спортпен шұғылдануы үшін бар мүмкіндік жасалған. Қыс мезгілінде жылы еден, ішкі әжетханалар мен жуыну бөлмелері қаралған. Сонымен қатар, заманауи үлгідегі спорт жабдықтары да ауыл жастары үшін қызметке сай тұр. Спорт мектебі басшысының айтуынша, бапкерлер жергілікті ауылдық округі аумағынан тартылады екен.

— Бұл спорт мектебін соғудағы мақсатымыз — ауыл жастарын спортқа баулып, чемпиондарды дайындап шығару. Осындай ғимараттарды ауданымыздың әр ауылынан ашуымыз керек. Себебі чемпиондар ауылда жүр. Соларға жол көрсетсек, еліміздің атын әлемдік додаларда шығаратынына күмәнім жоқ, — дейді Нұржан Мамешов, Алпамыс батыр спорт мектебінің басшысы.
