Келес ауданында “Екі жұлдыз” сайысы өтті. Сайысқа арнайы әнші немесе бишілер емес керісінше әр өңірдің жастар саясатын дамытып жүрген “Жастар ресурстық орталығының” қызметкерлері қатысты.

Түркістан облысына қарасты аудандардан жиналған 10 нан аса жұптар өз өнерлерін көрсетіп, күнделікті кеңсе жұмысында ғана емес өнер саласында да икемді екенін көрерменге паш етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша іс-шараның басты мақсаты аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің мамандары арасында достық қарым-қатынас орнату, облыс көлемінде жастар саясатын жүргізу болып табылады дейді.

Сайыс екі кезеңнен тұрып, Бірінші бөлімде жұптар би билеп көрермендердің көңілінен шығуға тырысса, екінші бөлімде ән айтып тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырды. Сайыста үздік өнер көрсеткен жұптарға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың атынан арнайы диплом және жүлделі болған жұптарға дипломмен қоса қаржылай сыйлықтар табысталды.

Тартысты өткен сайыста үшінші орынды Келес ауданының өнерлі жастары иемденсе, жүлделі екінші орынға Сауран ауданының өкілдері лайықты деп табылды. Ал сайыс жеңімпазы Кентау қаласының мамандары болып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
