ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

1  083 көрілім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатын зейін сала отырып тыңдадым. Еліміздегі қаңтар айында орын алған оқиғалар туралы өз пікірінде «бұл оқиғалардың орын алуы экстремистік және террористік бағыттағы деструктивтік топтардың еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайы нашар болуы салдарынан бейбіт митингілерге шығуларын пайдаланып, өздерінің еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларды қолдамау арқылы мемлекет құрылымына қарсы төңкеріс жасау жөніндегі арам ниеттегі іс-әрекеттерін жүзеге асыру екендігі, ал қазақ халқының өз қолымен өзі тұрғызған ғимаратттарды, әсіресе, Алматыдай әсем қаланы қиратты деп байбалам салушыларға сенбейтіндігі» жайлы айта келіп, қазіргі кезде мемлекет тарапынан құрылған арнайы тергеп-тексеру комиссиясы тыңғылықты әрі ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқандығы және оның қорытындысы міндетті түрде халыққа ешқандай жасырусыз жария етілетіндігін мәлімдеді. Сонымен қатар, танымал қоғам белсенділері тараптарынан да комиссиялар құрылып, олар да аталған оқиғалардың себеп-салдарын анықтау мақсатында жұмыс жүргізіп жатқандықтарын, олардың ісіне мемлекет органдары араласпайтындығын және аталған комиссиялардың жұмыс қорытындылары қаңтар оқиғаларына құқықтық баға беру барысында ескерілетіндігін атап өтті.
Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымының (ҰҚШҰ) шектеулі бітімгерлік әскери күштері еліміздің аумағына осы ұйымға қатысушы елдердің (Ресей, Белорусь, Тәжікстан, Қырғызстан) келісімімен Шарт талаптары негізінде дұрыс екендігін, өйткені Қазақстан осы ұйымның толыққанды мүшесі екендігін және ҰҚШҰ-ын құруда біздің ел бастамашыл болғандығын, ал бітімгерлік әскери күштер еліміздің стратегиялық маңызы бар объектілерді күзетке алуы өзіміздің әскери күштерімізді содырларды жою мақсатындағы күреске жұмылдыруды қамтамасыз еткендігін және бұл мәселе бойынша Қазақстан көрші Ресей мемлекетіне ешқандай қарыз емес және қарыз болмайтындығын Мемлекет басшысы атап көрсетті.
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі алдағы уақытта болатын саяси реформалар жөніндегі өзінің тұжырымдамаларын осы жылдың наурыз айында Қазақстан халқына жасайтын Жолдауында айтатындығын, ҚР Конституциясының талаптарына сәйкес бір адам екі рет қатарынан Президент болып сайлана алмайтындығын және өзінің келесі мерзімге Президент сайлауына қатысу-қатыспауы жайлы әңгіме қозғау әлі ерте екендігін, өзінің әкесі жайлы фильм түсіру жөнінде ешкімге тапсырма бермегендігін және бермейтіндігін, ал өзінің әкесі жайлы жазған туындыларынан бас тартпайтындығын және ол жазбалар ата-анасының алдындағы парызы екендігін айтты.
«Дәл қазіргі уақытта біз құқықтық нигилизімнен, яғни заңды мойындамаушылықтан үзілді-кесілді арылуымыз керек. Мемлекетіміздің мықты болуы үшін заң үстемдігін жүзеге асыру қажет. Заң мен тәртіп-біздің кез-келген жеңісіміздің негізі екендігін ұмытпай, халық мемлекет үшін емес, керісінше мемлекет халық үшін қызмет ететіндігін естен шығармауымыз керек» деген Мемлекет басшысы сонғы кездері арамызда масылдық деген жаман әрекеттер жайлап бара жатқандығын, ал мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен алдыңғы елдердің қатарына қосылуы үшін барлығымызға, әсіресе өсіп келе жатқан ұрпағымызға еңбекқорлық қасиеті ауадай қажет деген сөздерді баса айта келе, Ұлы Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой…» айтқан сөздерін еске салды.
Президент сұхбат соңында біздің Отанымыз біреу – ол тәуелсіз Қазақстан екендігін, оны өзіміздің еңбекқорлығымызбен, отаншылдығымызбен, елжандылығымызбен қастерлеп қорғауымыз қажеттігін, Отанымыздың тағдыры тек қана өз қолымызда екендігін ерекше атап көрсетті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдауымды білдіре отырып, еліміздің еңсесін көтеру үшін бүгінгі күні әрқайсысымыз жан-жаққа тартқыламай және ыдырамай Мемлекет басшысының айтқандарына құлақ түріп, өсек-аянға ере бермей елдігімізді сақтайық және қорғайық, ағайын!

БАҚЫТЖАН БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы