Бүгін, Келес ауданына еліміздің солтүстік және батыс өңірлері Атырау, Қостанай және Павлодар секілді облыс әкімдерінің орынбасарлары келіп, жергілікті шаруалармен келіссөз жүргізді.
Өз облыстарының СПК, сауда үйлерінің өкілдері және тағы басқа да азаматтармен бірілесе келген делегацияны Келес ауданы әкімінің орынбасары Серік Қарақұлов бастап жүрді.

Алпамыс батыр ауылдық округінің қырыққабат өнімін егетін диқандармен кездескен делегация, піскен өнімді делдалсыз саудалап алу бойынша келіссөздер жүргізді. Келестік шаруалар өз қырыққабат өнімдерінің бағасын ашық алқаптағы егінінің келісіне – 150 теңге деп құн қойса, шығыны көптеу болған полиэтилен қаптамасы арқылы дайындалған өнімінің құнын -170 теңгеге бағалады. Өнім өндіретін және оны сатып алатын тараптар алдағы уақытта әріптестік байланыс орнату бойынша келіссөздер пысықталатынын айтты.

Кездесу Ұшқын ауылдық округінде жалғасын тауып, жергілікті шарулармен тілдесті. Бұл ауылдық округінің шаруалары да ұйымдастырылған шараға алғыстарын айтып өтті. Өз кезегінде келген делегация өкілдері аз ғана қаржы жұмсап мол өнім алып отырған шаруалардың жұмысына қызықты.