
Бадамбаев Сұлтанбай Оңғарбайұлы 1963 жылы 22 қазанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Әкесі Оңғарбай мен анасы Айткүлдің 6-шы перзенті. Түркістандағы №31 кәсіптік техникалық училищесі мен Түркістан индиструиалды-педагогикалық техникумында оқыған. Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. 1982 жылы әскер қатарына шақырылып, Ашхабадтағы жаяу әскер дивизиясында дайындықтан өтеді. Сол бозбала шақтағы отты жылдары туралы естеліктерімен бөлісті.
– Біздер, Кеңес одағының солдаттары соғысқа баратынымыздан бейхабар болдық. Ауған жеріне баратынымызды білмедік. Айтпады. 1983 жылдың мамыр айында шұғыл бұйрықпен Түркіменстан Республикасының Қызыл Арбад қаласына келдік. Сол жерде екі ай жеке атқыштар бөлімшесінде дайындық курсынан өттік. 1983 жылдың шілдесінде дабылмен бүкіл ротаны көтерді. Содан ИЛ-76 ұшағымен Ауғанстан астанасы Кабул қаласына алып барды. Сол жерден 120 адамнан құралған бөлімшеден 30 атқыш жауынгерді бөліп, Шындат провинциясына алып кетті. Барған соң 19 күндей тағы да дайындықтан өттік. 1984 жылдың наурызында алғаш рет Шындат-Герат бағытындағы соғыс қимылына қатыстым. Герат қаласының жанындағы бір қышлақта дұшпандардың үлкен шоғыры бар екендігі белгілі болды. Дұшпандар өз позициясын бергісі келмеді. Ол операция 20 күнге созылды. Ол жерде дұшпандардан көптеген қару-жарақ, оқ-дәрілерді тәркіледік. 70-80 адамды қолға түсірдік. Оларды Ауған әскеріне тапсырдық. Дұшпандардың тұтқынында әскери кеңесші болған екен. Оларды толық құтқардық. Бір есте қаларлығы, қарулас жолдастарым қолға түскен тұтқындардың төртеуін бөлек алып шығып, маған тапсырды.
«Сұлтан, мына дұшпандар сенің қолыңда, не істеймін десең де өзің біл», – деді. Кешегі ұрыста жерлесім әрі сыныптас досым Қазыбек Өтебековтің қайтыс болғаны туралы хабар жеткен болатын. Қанша ашу-ызаға булығып, бойымды кек билеп тұрса да, ешқандай әрекет істей алмадым. Өйткені, «Бұлар да адам баласы ғой, қайтыс болған досыма қатысы бар ма, жоқ па» деген ой мені тосын әрекетке, жамандыққа жібермеді. Соғыс жағдайына сүйеніп, оларды атып тастауға болар еді. Бірақ мен оған бара алмадым. Қырғыз жігіттерінің «Сұлтан неге тұрсың?» дегендеріне де жауап бере алмадым. Менде үн болған жоқ. Бірақ, ішкі дүнием алай-дүлей еді. Тұтқындарға ешқандай жаза қолдана алмадым. Үш жігіт дұшпандарды қайта тапсырды. Мені «За отвагу» медаліне ұсынды.
1984 жылдың маусымы еді. Кезекті рейдке бардық. Әскери техника таудың етегіне ғана бара алады. Одан әрі жүру мүмкін емес. Себебі, дұшпандар сол аймақты толық миналап тастаған. Дұшпандарды жою үшін, жаяу шабуылға шығуға тура келді. Екі таудың асуынан асқан сәтте бізге дұшпандардың орналасқан жерін хабарлады. Біз сол аймақты атқыладық. Дұшпандар батыс бағытқа ығысып, орын ауыстырып үлгерді. Қосымша көмекке келген авиация біздің әрекет жасаған жерді атқылай бастады. Байланыс бөлімшелеріндегі барлаушылар хабарласып, оларды тоқтатты. Арада екі сағаттай уақыттан соң, сол аймақтағы дұшпандардың үлкен базасының орнын хабарлады. 21 күнге созылған бұл операцияда дұшпандардың 12 адамы қолға түсіп, қырық шақтысының көзін жойдық. Үлкен қару-жарақ пен оқ-дәрілерін қолға түсірдік. Мен сол операциядан соң қатты науқастанып, 40 градус температурада госпитальға түстім, төрт-бес күн ес-түссіз жатыппын, – деп еске алды ардагер.
Осы ерен ерліктері үшін Сұлтанбай Бадамбаев «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину-интернационалисту», «15 лет вывода советских воиск из ДРА», «Ветерану войны в Афганистане 1979-1989 гг» мерекелік медальдармен марапатталған. Өмірлік жары Гүлнара екеуі екі қыз, екі ұл тәрбиелеуде.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
