Вахидов Сайдахмат Ахмедұлы 1962 жылы 10 шілдеде ұстаздар отбасында дүниеге келген. Макаренко атындағы орта мектепті бітіріп, ДОСААФ-та жүргізушілік мамандығын алады. Біздер Сайдахмат Ахмедұлымен майдан даласындағы естеліктерімен бөлісуді сұраған едік.

– «Алдымен Усть-Каменогорск қаласында болдым. 1981 жылдың 4 сәуірі алып кетті. Кабул қаласынан мені Чирикар ауылындағы 177 санды полкке ауыстырды. Жаяу әскер полкінде алты түркістандық жігіттер бірге болдық. Бірақ, роталарымыз басқа еді. Мен Ауған жерінде екі рет жарақаттандым, алғашқысы 14 желтоқсан күні болатын. Сол күнгі ұрыста 8 жауынгер жарақаттанып, 3 қаруласым қайтыс болды. Менің жарақатым ауыр болғандықтан, алдымен Баграм госпиталіне әкелді. Ол жерде операция жасайтын маман болмағандықтан Кабулға, одан соң Ташкенттегі госпиталіне ауыстырды. Ташкентте емделіп, 10 күнге демалыс алдым. Осы аралықта үйге барып қайттым.
Екінші жарақатты 1982 жылы алдым. Саланг туннелінен өту кезінде газдан көп жауынгер уланып, соны тексеруге Одақтан арнайы комиссия келген болатын. Маған комиссия мүшелерін Баграмнан Чирикарға алып келу тапсырылған болатын. Түс ауа Баграмнан шықтық. Негізінде дұшпандардың барлау жұмысы жақсы жұмыс істеді. Арнайы комиссияның келгені мен жүрер жолын, уақытын дәл білген олар жолда екі рет шабуылдады. Бірақ, жақсы жасақталған күзетішлердің арқасында тосқауылдан аман шығып, полкке жеттік. Жол-жөнекей қасымдағы комиссия басшысы маған әртүрлі сауалдар қойып, айналасына күдікпен қарап келді. Шабуыл кезінде мені БРД әскери техникама бірнеше рет автоматтың оғы тиген болатын. Сезіп отырмын, жүрексініп келеді. Мен полк командирі мен ерекше бөлім қызметкерлерін алып жүріп, бұдан да қауіпті жерлерде бола-тынмын. Мұндай сәттер жиі болатындық-тан, етіміз үйреніп кеткен. Польк командирі де, ерекше бөлім қызметкерлері де елей бермейтін.
«Үш күннен соң көрге де үйренесің» деген осы-ау, шамасы. «Мына комиссия басшысы көрге бүгін бірінші рет түсіп тұрған болар» деген оймен оның мәнсіз де, мағынасыз сауалдарына күлімсіреп жауап беремін. Кейде тапсырманы орындау үшін өзіңді де, өзгені де, тіпті астыңдағы техниканы да аямайтын кездер болады. Дұшпандардың екі рет шабуыл жасап, соңымыздан қалмағанына қарағанда шындап кіріскен-ау, шамасы. Құрығынан құтылу үшін айналма бұрылыстардан жылдамдықты өзгертпей бұрылып, өзіме таныс соқпақтармен кәсіпқой жүргізушідей айдап келем. Менің ешнәрсені елемей келе жатқан кейпіме қызыға қарайды. Сүйсініп кетсе керек, «Жарайсың, жауынгер!» деп қояды. Полкке жақындап қалдық. Кенет «Жасыл алқап» жақтан дұшпандар оқты қарша боратты. Артынша жаппай шабуылға шықты. Мақсаттары – біздерді қолға түсіру. Алдымыздан негізгі бөлімнің жауынгерлері шығып, көмекке келді. Бізді өткізіп жіберіп, қарсы шабуылға шықты. Біз полкке аман-есен жеттік. Комиссия мүшелері штабқа кетті. Кенет «гүрс» еткен дауыс естіліп, артынша менен бес-алты метрдей жерден от аралас көкала түтін шықты. Артынша жойқын бір күш мені аспанға көтеріп алды. Ұстайтын зат іздеп қолыммен қарманып жатқанда жерге бір-ақ ұрды.
Басым айналғандай, жүрегім айнып көзім қарауытқандай болды. Орнымнан тұруға әрекет еттім. Аяғым да, қолым да, тіпті тұла бойым ырқыма көнбей жерді құшақтап жата кеттім. Кіндіктен төменгі жағым жылымшыланып суланғандай болды. Арғы жағы елес сияқты, түсініксіз түс секілді бір құбылыстарға айналып бара жатты. Есімді әскери санитарлық бөлімде жидым. Сұрастырғанымда жарылған снарядтың толқынынан ұшып кетіп, машинаның астына түсіппін. Снаряд жарықшағынан ауыр жараланыппын. Алғашқы көмек көрсетілгенше қан көп кетіпті. Ес-түссіз жатқан мені өзім әкелген комиссия мүшесі көріп, «Егер осы жауынгер аман қалмаса, бәріңді жауапқа тартамын» деп арнайы тапсырма беріпті. Жерлестерім Қыдырбай Жүнісов, Бақтияр Мырзараймов, Жәнібек Дәулетбаевтар мен көрші полктің жігіттері қан беріп, аман қалуыма себепші болыпты. Сол күнгі қақтығыста менен басқа 5 жауынгер жараланып, 3 жауынгер қаза болған екен. Ауыр жараланғандар ішінде рота командирі Колесников та бар екен. Бұл жолы Баграмда емделдім. «За отвагу» медалімен марапаттапты.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, әскерде жүргенде анасы қайтыс болыпты. Көп ұзамай баласының Ауғанға кеткенін есіткен әкесі уайым мен құсалықтан өмірден озыпты. Сайдахмат Ахмедұлының өкініштісі – қаза болған әкесінің жерлеуіне әскери заңның қаталдығынан қатыса алмағаны. Перзентінің бірі ретінде арулап жерлеп, басына топырақ сала алмағанына өкінетінін жеткізді.
Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.
