Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы бекітілген кестеге сәйкес жеке қабылдау өткізді. Аудан әкімінің бүгінгі жеке қабылдауына 10 тұрғын қатысып, толғандырып жүрген мәселелерін жеткізді.
Жеке қабылдауға келген тұрғындардың көбісі жеке басының мәселесімен емес, ауылдағы қордаланған мәселелерді көтерді. Атап айтатын болсақ, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны Ш. Данияров салық, жол мәселесін, Майдантал ауылдық округінің тұрғыны А. Муштаев бау-бақша, тазалық мәселесін көтерді.
Аудан әкімі Ғ. Рысбеков 2022 жылы Шорнақ елді мекенінің 6 шақырымдық орталық көшесі Т.Сулейменов және Шаяхметова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ тазалық мәселесінің назарда екенін жеткізіп, ауданның тазалығы ауылдан, ауылдың тазалығы ауладан басталатынын айтып, тұрғындарды ауыл тазалығына үлес қосуға шақырды.
Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғыны М.Атаев су мұнарасын салу мәселесін көтеріп, тиісті сала мамандарына тапсырма берілді. Аудан әкімі жеке қабылдауда көтерілген мәселелердің шешімін табатынын айтып, бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
«Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Тұрғындардың жеке мәселесінен бөлек, ауылдың да мәселелерін көтеріп жүргені көңіл қуантады. Бұл ауыл тұрғындарының өз ауылдарына шын жанашыр екендігін көрсетеді.», – деді Ғ. Рысбеков.
Сауран ауданының әкімінің жеке қабылдауы әр сейсенбі күні сағат 16:00- де өтетінін хабарлаймыз.
