ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ

1  350 көрілім

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Күнделікті әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отыратын Түркістан облысы ПД қызметкерлері, кезекті жұмыс күні «Instagram» парақшасының бірінен «БМВ» маркалы автокөліктің жолда екі жолақты сызықты басып, қарама-қарсы бағытқа өтіп, ҚР жол жүрісі ережесін өрескел бұзғаны туралы жарияланған бейнежазбаны анықтады.

Аталған бейнежазбадағы оқиғаның қайда орын алғаны, жүргізуші кім екенін анықтау мақсатында, полицейлер жедел әрекет етті. Жан-жақты жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде, оқиға Жетісай қаласында болғаны белгілі болды. Ал, «БМВ 525 І» басқарған жүгенсіз жүргізуші жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты.

Жүргізуші жол ережесін бұзып, заңсыздыққа жол бергені үшін 3 бірдей баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігі «Маневр жасау қағидаларын бұзу», 630-бабы 1-бөлігі «Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын бүлдіру» және 606-бабы 1-бөлігімен «Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын апаттық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы» әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, автокөлігі айыптұраққа қойылды. Жүргізуші жасаған әрекетін мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады. Сондай-ақ, алдағы уақытта қайталамауға уәде берді.

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРАМЫН ДЕП АЛДАҒАН АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті екі тұрғын арызданып, алаяққа алданғанын жеткізді. Жәбірленуші ер азаматтардың айтуынша, сырттай таныстары «Түркістан қаласының мекемелерінің біріне жұмысқа кіргізіп беремін» деп уәде беріп, ақысына бірінен 1 575 000 теңге алса, екіншісінен 200 000 теңге ақша алған. Арадан 1 жылға жуық уақыт өткенмен, жәбірленушілер жұмысқа орналаспайды, не берген ақшасын ала алмайды. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғындар полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жәйт, ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Шұғыл-іздестіру нәтижесінде түркістандық қырағы тәртіп сақшылары осы жәйтқа қатысы бар күдіктіні тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Бүгінде өз кінәсін мойындаған ер адамға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Осыған ұқсас алаяқтық қылмысы бойынша полицияға тағы бір тұрғын шағым түсіреді. Оның айтуынша да осындай сылтаумен алдаған күдікті ер адам одан 2000000 теңге ақша алған. Содан кейін ешқандай жұмысқа да кіргізбеген, ақшасын да қайтармаған, әрнәрсені сылтауратып алдап жүрген.

Белгілі болғандай күдікті ер адам өзі бұрын аталған мекемеде жұмыс істеп кеткен қызметкер болып шықты. Жәбірленушілерден алаяқтық жолмен алған ақшаларын өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды.

УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖОҒАЛҒАН ӘМИЯНДЫ 2 САҒАТТА ТАУЫП БЕРДІ

Кешкі уақытта Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне жергілікті тұрғын, яғни келіншек хабарласып, ішінде 170 000 теңгесі бар әмиянының жоғалғанын айтады. Аудан полицейлеріне хабарласқан тұрғын Асық ата кентінде тұратын болғандықтан бірден учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Асқар Халықов пен полиция аға лейтенанты Әлмұхаммед Кемеловке тапсырады. Олар әмияны жоғалған тұрғынмен сөйлесіп, толық мәнжайды анықтайды.

Бірінші кезекте келіншектің таксиге қай уақытта мінгенін, барған орындарын тексереді. Учаскелік полицейлер әмиянның таксиде қалуы мүмкін екенін ескеріп, бейнекамераларды қарап шығады. Тұрғынның мінген таксиіне шығып, оған түскен қоңырауларды тексереді. Жүйелі және өз мерзімінде жүргізілген жедел шаралардың арқасында әмиян такси жүргізушісінің көлігінен табылады.

Әмиянның ішіндегі 170000 теңге қаз-қалпында. Табылған зат заңды иесіне қайтарылды. Алайда, тәртіп сақшыларына жәбірленуші отбасылық жағдайына байланысты алғысын айта алмады. Сондықтан полиция бөліміне келіншектің енесі арнайы келіп, ақ батасын беріп кетті.

2,5 МИЛЛИОН ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Түркістан қалалық полиция басқармасына облыс орталығында құрылыспен айналысатын ЖШС-нің басшысы атынан қатынас хат келіп түскен. Онда, саябақ маңында орналасқан нысанда тұрған, құны 2 500 000 теңге болатын «Kingdream» маркалы бұрғылау құрылғысы ұрланғаны көрсетілген. Аталған жәйт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркеуге алынып, тәртіп сақшылары іске кіріскен.

Оқиға орнына шұғыл шыққан полицейлер, күдіктіні анықтауға қатысты барлық жедел-іздестіру шараларын жүзеге асырды. Куәлерден жауап алынды. Жақын аумақтар мұқият тексерілді. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталды. Ол жәбірленушінің жұмысшысы болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті бағалы құралды жұмыстан қайтарда білдіртпей алып шыққан. Және оны жасырып қойған. Содан оны сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратпақ болады. Алайда, полицейлердің жеделділігі арқасында қылмыс ашылып, айғақты зат тәркіленіп алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы