ӨНЕР МАЙТАЛМАНЫ

1  899 көрілім

Әбдіғаппар Айдаров 9 мамыр 1961 жылы Нәлібай елді мекені, Көксу совхозы, Шардара ауданында дүниеге келген. Көксу совхозындағы С.Ерубаев атындағы мектепті 1971 жылы үздік бітіріп шығады. Мектептен соң екі жылдай туған ауылында шаруашылықта жұмысшы, механизатор, жүргізуші қызметтерін атқарады.

1979-81 жылдары әскер қатарында болып, келген соң шоферлық қызметін қайта жалғастырды. Әбдіғаппар Әбубәкірұлы еңбек ете жүріп, совхоз клубы жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсенді мүше болады. Еңбек пен өнерді қатар ала жүріп, алыс мал жайылымдағы шопандарға үгіт-бригада құрамында гастрольдік сапармен барып өнер көрсетеді. 1988-89 жылдары қазақ телеарнасы, «Қазақстан-1» каналында тұрақты түрде берілетін «Терме» хабарына, қымызхана, көптеген мерекелік хабарларға түседі. 1989 жылы Алматы қаласы, Ленин атындағы сарайда республика бойынша тұңғыш рет өткен термешілер байқауына қатысады.

1990-1996 жылдарда өткен аудандық термешілер байқауының бас жүлдегері, 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен «Ғасырлар үні» жыраулар сайысының, 2002 жылы Шымкент қаласында өткен «Шалқар термесі» байқауларының дипломанты. 2004 жылы «Ауылдың алты ауызы» циклы бойынша «Хабар» телеарнасында термеші ретінде түскен. 2005 жылы Бәйдібек ауданында өткен «Шаянға барсаң, әншімін деме» облыстық әншілер байқауында Қ.Жандарбеков атындағы сыйлықтың жүлдегері, 2007 жылы ақын-сазгер М.Құраловтың мерейтойына орай, өткен «Бұлқынды жүрек» облыстық байқауында жүлделі 3 орын иегері атанды. Поэзия әлемінде де, журналистика саласында да қалам тартып жүрген азамат. Туған жер, өмір мен көңіл жайында жазған өлең жырлары, көпшілікке ой тастайтын өзекті мақалалары республикалық басылымдарда үзбей жарияланып тұрады. Әбдіғаппар Әбубәкірұлы 2011 жылы республикалық «Жас қазақ үні» газеті тағайындаған «Қаламдоз» сыйлығының тұңғыш иегері болды.

2008 жылы Шардара СЭС-ның 50 жылдағы, Шардара қаласының 40 жылдығына орай, өткен республикалық жыр мүшәйрасында Қ.Сарыбаев атындағы жүлдені жеңіп алды. Өлең топтамалары аудандық ақын-жазушылардың «Ақ шағала жырлар» жинағында жарияланған. Жергілікті әуесқой сазгерлердің бірнеше әндерінің мәтіндерін жазған ақын. Соңғы кезде өзі де ән жазумен шұғылданады.

Әбдіғаппар Әбубәкірұлы 2013 жылы ЮНЕСКО-ның «Ұлттық Өнер жанашыры» сертификатының иегері атанды. Өзі өскен өлкенің тарихын зерттеп «Сыр бойында ауыл бар», «Бес ғасырдың белесі», «Елу жылдыққа 50 жыл» атты кітаптар жазды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қазіргі таңда Шардара қаласы, Абай атындағы мәдениет сарайында қызмет атқарады. Отбасылы, жары Махамбетова Бибісара ұстаздық қызметте. Екі ұл, екі қыздың ардақты әкесі. Келіндері, немерелері бар. Шардаралық Әбдіғаппар Әбубәкірұлының бір топ өлеңдерін түркістандық оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

БҰРЫМДЫ ҚЫЗ

Бұрымды қалқам, қарашы сәтке бұрылып,

Көзқарасыңнан жалт етіп өтті бір үміт.

Тірсегіңді ұрған қос бұрымыңа көз тастап,

Аңырып қалдым армандай болған сыр ұғып.

Жанарлар тоймай қадалар саған жан-жақтан,

Құлпырып кетер сен кірген кезде гүл-бақтар.

Еріксіз саған көз тоқтады, қарғам-ау,

Бұрымды сұлу нәсіп болмаған бейбақтар.

Қанына сіңген халқымның сонау заманнан,

Бұрымды кесу – ғұмырды кесу саналған.

Арудың сәні емес пе жұртым, ежелден,

Ақындар айтқан қара шаш бейне қара орман.

МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ

Отырмын қалқам, ақ қағаз бетін шимайлап,

Өзіңсіз етер келешектегі күнді ойлап.

Көкірегімде сағыныш атты теңіздің.

Иірімінен бір нәзік әуен қалды ойнап.

Қозғадың қалқам, көңілдің мұңды тұнығын,

Дертіме қуат болушы еді қылығың.

Ендігі жерде елесің ғана серік боп,

Өте ме сені ойлаумен қалған ғұмырым?

Жалғанда мынау адам баласы бір келер.

Ғашық боп бұрын көрмедім десем кім сенер?!

Сен болдың сәулем, әнімнің әсем арқауы,

Махаббат жайлы жүректен шуақ жыр төгер.

ТАРТЫЛЫС

Туған жерім бастауы жарқын істің,

Кермек суын келеді сарқып ішкім.

Бізді елден жібермес топырағында,

Әлемдік күші бар-ау тартылыстың.

Шапқылаймын асыр сап төсінде аунай,

Еркелеймін баладай есім қалмай,

Боз жусанын иіскеймін құшырлана,

Ала алмай жүрген бейне өшім бардай.

Өтсе де әр қиырда күндер нелер,

Өмір көші әйтеуір, бір жөнделер.

Еркелеген жақсы ғой еркелеткен,

Ел-жұртпен сыйласуды білген де өнер.

Ешкімге ей демедік, сен демедік,

Өзеуреп өз айтқаным жөн демедік.

Өлең де оқымадық мінберлерде,

Тұрып ап қолымызды сермеленіп.

Сарайы ғана емес кеуде мұңның,

Сабағын неғылайын өзге гүлдің,

Сәуірдің сәні болған түр-түсімен,

Сағындым сасық иісін кеурегімнің.

Салса да тағдыр талай сарсаңына,

Туған жерді теңеймін хан тағына.

Қасқыр ақын ынтықса жуасына,

Мен өлердей ғашықпын жантағына.

ӘКЕ…

Шарықтар шыбық өспей шынар қайдан,

Жан едің сөз саптаған құнарлы ойдан,

Мен – Абай болмасам да ұлың үшін,

Жан әке, кем емессің Құнанбайдан.

Ата-анам – қос шынарым, құт-алыбым,

Жөні жоқ олар барда мұқалудың,

Он өскін қуат алған тамырынан,

Мен де бір бәйтеректің бұтағымын.

Сыйлады ел азамат деп бағаңды ұққан,

Өн бойың тұрған тұнып адалдықтан,

Сапардан келгеніңде онымыз да,

Қалмаушы ек құр алақан базарлықтан.

Әр істі Тәңір өзі оңғарады,

Пенденің пейілі таза ол да бағы.

Кем қылмай қатарынан бағып-қағып,

Оңай ма ержеткізу он баланы?!

Салдары тауқыметті торығудың,

Жүрекке күш түсірді, соны білдім

Ақыры әкеп соқты беймезгілдеу,

Үзіліп кетуіне қоңыр үннің.

Үйреттің пенделікпен күресуге,

Тірлікте сақтайды оны кім есінде,

Беу, Әке, болмысыңның тазалығы

Бүгінде әр балаңның үлесінде.

Шаңырақтан шаттықты ән үзбеймін,

Әулетке әу бастан-ақ тән іздей бір.

Болсам да бүгінде ата немереге,

Әулием-ау.., мен Сені әлі іздеймін.

ТҮСІНІКСІЗ ТҮЙТКІЛДЕР

Тыныстаймын жағаңда керіп кеуде,

Айдыныңа еркім жоқ елікпеуге,

Сенен ғана жаныма сая табам,

Меңіреу күйден мезі боп зеріккенде.

Кейде ұзап кетеді күн ғасырдан,

Елемес оны өмірге шын ғашық жан.

Кешіріммен қараймын кей досыма,

Болса-дағы сәттері сыр жасырған.

Достық үшін әрине, кешіремін,

Кеңдігімді санаймын несіне мін?

Кеңдік қана табады тұйықталған,

Түсініксіз түйткілдің шешім-емін.

Мейлі досым жазғырсын, кінәласын,

Сыйластықтың суытып тым арасын,

Айдыныңа мұңымды жыр қып жазсам,

Құлатпаспын достықтың мұнарасын.

Ерке күндер түседі еске бүгін,

Әдемі ай төгетін кешке нұрын.

Өкпе менен мұңымды ұмыттырып,

Мамық төсін жаяды еспе құмым.

Ой түбіне бойласам толғап терең,

Толқыныңа сан қиял жалғап келем.

Жағалауда отырсам жалғыз қалып,

Тілдескендей күй кешем әруақпенен.

ҚҰЛАЗУ

(Элегия)

Хақтан тілеп, әулие-әнбиеден,

Сансыз ойлар келеді әр жүйеден.

Сағыныштан сарылып сазды көңіл,

Көкпар тартып жатқандай жан-дүнием.

Тоңды қабақ томсарып күрт ойланып,

Соғар ма екен езуге күлкі айналып,

Жерошақпен тең болдым жұртта қалған,

Мұңдас жүрек кеткенде сырт айналып.

Жөні келмей тұрса да қымсынудың,

Өз-өзінен құмығып тұншығулы үн.

Бір мезірет қу кеуде білдірмейді-ай,

Толқынына сиқырлы Сыр сұлудың.

Шат күндердің үзіліп көш-керуені,

Уақыт тұр еншісіне бөктергелі.

Өресіздің өрісі өркен жайып,

Өтіп кетті өңменнен өкпек желі.

Бұл жалғанда болса да сыналу – заң,

Кемедеймін адасқан бұғазынан.

Япыр-ай, бүтінделмей кетер ме екен,

Көңілімнің жыртығы құлазыған..?

БІР ҰШҚЫН

Қалай ғана жаралған жансың ерен,

Қылаң берді кеудемде талшын-өлең.

Кездеспей-ақ қойғаның абзал еді-ау,

Шағында жүрегімнің әлсіреген.

Жиғаныммен не сырлар сарайыма,

Бір келмеді бағдарым орайыма.

Сиықсыз сұрқай белден не табасың,

Оталған орманы да, тоғайы да.

Бір сезім бойды билеп алды бөтен,

Алды да қиғылықты салды төтен.

Қарғам-ау, Сен осынша ынтығардай,

Бір ұшқын жанарымда қалды ма екен?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы