САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

1  374 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында әкімдер адамдар алдына шығуы тиіс, қажетсіз бюрократиядан айығу керек деген болатын. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына сәйкес ауданның 5 жылдық даму жоспарын жасау мақсатында Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Құркелес ауылдық округіне қарасты Дархан, Береке, Құлтума, Еңкес және Нұрлы жол елді мекені тұрғындарының бүгінгі жай-күйімен танысып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Алдымен, Дархан және Береке елді мекендеріне табан тіреген аудан басшысына тұрғындар тарапынан электр бағаналарын орнату және жарықтандыру, мектепке қосымша ғимарат салу, ішкі көшелерге асфальт жол салу, табиғи газбен қамтамасыз ету, жол белгілерін және бақылау камераларын орнату, тұрғын үйге және жайылымға жер беру мәселелері қозғалды. Береке елді мекеніне қазіргі таңда ішкі газ құбырларына табиғи газ беріліп, ауылдағы 4 тұрғын үйге газ қосылды. Ендігі кезекте құжаттарын толық тапсырған тұрғын үйлерді аудандық газ шаруашылығы мекемесі тарапынан табиғи газға қосу жұмыстары жүргізіледі.

Кездесу барысында М.Отаршиев заң аясында жауап беріп, тиісті мекеме басшыларына біршама тапсырмалар жүктеді. Мұнан соң аудан әкімі Құлтума, Еңкес және Нұрлы жол елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті. Құлтума тұрғындары келешекте амбулатория салу мәселесіне назар аударылса деген ұсынысын жеткізді. Бұл орайда аудан әкімі елді мекенде жаңадан дәрігерлік амбулатория салдыру үшін тиісті салалық басқармамен жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелер жіті талқыланып, оларды шешілу жолдары бойынша арнайы ауданның 5 жылдық даму жоспары бекітілетінін және тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Құркелес ауылдық округі тұрғындары халықтың тыныс-тіршілігімен танысып жүрген аудан басшысына ризашылықтарын жеткізіп, ауыл ақсақалдары батасын берді.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы