СЫН САҒАТТА БЕРІЛГЕН СҰХБАТ

1  407 көрілім

Өткен сенбіде барлығымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамымызды алаңдатқан қаңтар оқиғасының себептері мен салдарлары, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, еліміздің сыртқы саясаттағы жүргізетін негізгі бағыттары туралы «Хабар 24» телеарнасына берген эксклюзивтік сұхбатын көріп, тыңдадық.
Президент жыл басындағы елімізде орын алған оқиғаларға байланысты бірқатар деректерге тоқтала келіп, осы оқиғаларды кімдер және қалай ұйымдастырып, ойларын жүзеге асырмақшы болғандықтары жайлы қысқаша түсіндірді. Қазіргі уақытта арнайы құрылған тергеп-тексеру комиссиясының жұмыстары мұқият түрде әрі қарқынды жүргізіліп жатқандығын, сондықтан әзірге әртүрлі болжамдар айтуға болмайтындығын, аталған комиссияның жұмыс қорытындысымен қасіретті оқиғалар бойынша тиісті құқықтық бағалар берілетіндігін атап өтті.


Осы жерде Мемлекет басшысы азаматтарымызды әртүрлі алып-қашпа сөздер мен өсек-аяңға ерместен, тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды. Президент мемлекетімізде жасалған кадрлық өзгерістерге байланысты өзінің қызметтегі кадрларды толығымен шеттету тәжірибесін қолдамайтындығын, олардың біліктілігін, жұмысты атқару сапасына қарай бағалау маңыздылығын көрсете келе, жұмысына жауапкершілігі жоқтары қызметте жүре бермейтіндіктерін және қызмет барысында талантты әрі білімді мамандар тағайындалатындығын да атап өтті.
Мемлекет басшысы сот судьяларын қызметке тағайындау кезінде олардың бойында басты өлшем ретінде парасаттылық пен адалдық қасиеттерінің болуы шарт екендігін жеткізді. Президент «Болашақ» бағдарламасы аясында батыс елдерінде оқығысы келетін жастарға еш кедергі болмайтындығын, дегенмен өз тарапынан елімізге қажетті техникалық мамандарды көрші Ресейде дайындауды қолдайтындығын білдірді. Өйткені онда техникалык мамандарды дайындайтын оқу орындарының білім сапасының жоғарылығы мен жастарымыздың оқуына тілдік кедергінің орын алмайтындығын атап көрсетті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқаты мен еліміздің экономикалық жағдайын көтеру мақсатында шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, оларға жан-жақты қолдау көрсету бойынша тиісті әрі тиімді шаралар жүзеге асырылатындығын айтты. Бұдан бөлек, президенттік мерзімге байланысты Конституцияға ешқандай өзгеріс енгізілмейтіндігін, өзінің Ата заңға сәйкес екінші рет сайлануға құқы бар екендігін және сайланған жағдайда екінші мерзімнен артық сайлауға қатыспайтындығын, Президенттік өкілеттігі барысында мемлекетті нығайтуға бар күшін салатындығын, ашық мемлекет қағидатын жүзеге асыруға зор ынталы екендігін ерекше атап көрсетті
Жалпы, Президент қоғамымызда жиі талқыланып, көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген маңызды сұрақтарға жауаптар беріп, сапалы сұхбат өткізді деп есептеймін. Дана халқымыз: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, баршамыз күшіміз бен сана-сезімімізді біріктірер болсақ, елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтереміз деген сеніміміз арта түседі, өйткені Сенім деген – ұлы күш. Сондықтан қазағымның жарқын болашаққа деген сенімі серпінді бола берсін.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының төраға орынбасары,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы