МАҚСАТ – ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢДІКТІ ОРНАТУ

1  654 көрілім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда отандық бизнес өкілдерімен кездесті.Тоқаев халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайтынын, жағдайды шұғыл өзгерту керек екенін айтты. Президенттің сөзінше, 162 адам байлықтың жартысын иеленген. Ұлттық табыс бойынша 2020 жылы бизнес ең жоғары үлеске ие. Ол 61,5 пайыз болады. Салықтың үлесі – 7,3 пайыз, қазақстандықтардың жалақысы үштен бір бөлігіне де жетпейді.

«Бұл өте аз. Мысалы, Ресейде осындай экономика болғанына қарамастан, жалақы 46,7 пайыз болады. Яғни бізден 1,5 есе көп. Ұлттық табысты бөлудің айқын теңгерімсіздігі байқалады әрі әділдік жағынан мәселе бар.

Қазақстан статистикалық агенттігі ресми таратқан ақпаратында қазақстандықтардың орташа табысы 243 мың теңге деп айтылады. Ал, шын мәнінде еліміздегі дамуы кенжелеп қалған Түркістан облысында орташа табыс шамамен 70-100 мың теңге көлемінде қалып отыр. Әр отбасына шаққандағы табыс көлемі одан да төмен. Статистикалық агенттік мамандары еліміздегі миллиардтап пайда табатын олигархтар, депутаттар мен министрлердің орташа табысын қарапайым халықпен бірге есептеп шығаратынға ұқсайды. Тапқаны қапқанынан артылмайтын жандар оңтүстік өңірде жетіп артылады.

Республикалық статистикалық мәліметтерге жүгінсек 2021 жылдың төртінші тоқсанында ел бойынша атаулы орташа айлық жалақы орташа есеппен 243,7 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,3%-ға көп.

– Өңірлік тұрғыда ең жоғары жалақы дәстүрлі түрде Атырау облысында байқалды: 419,1 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан 19,5%-ға артық. Ең төменгі жалақы Түркістан облысында белгіленді: 181,1 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан нақты мәнде 11,5%-ға артық. Ең жоғары ақы төленетін салалардың үштігіне сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (369,5 мың теңге, оған қоса жылына 17,4%) және ақпарат және байланыс саласы (331,1 мың теңге, оған қоса 19,9%) кірді.

Жалақының ең көп өсуі әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында байқалды (жылына 37,1%, 256 мың теңгеге дейін), ең азы – жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында (жылына 2,7% – ға, 181,9 мың теңгеге дейін деп отыр. Бірақ статистикалық мәліметтердің қалай түзілетіндігі белгісіз. Оның ашықтығы қамтамасыз етілмей отыр.

Бұған дейін де Парламенттегі баяндамасында Мемлекет басшысы елдің тұрмысы күн санап төмендеп бара жатқандығын, алпауыт байлар мен кедейшіліктің жайын жасырмай айтып өтті.

«Қайғылы жағдай негізінен күрделі əлеуметтік-экономикалық мəселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда, олқылығы салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі жағдай мен азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай алшақтауы байқалды. Билік құрылымдарының өкілдері тарапынан халықтың өміріне, олардың ұмтылыстары мен қажеттіліктеріне қатысты қате көзқарас қалыптасты. Теңсіздік мəселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді. Ал, халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда, елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ»,-деді Президент.

Шындығында еліміздегі тәуелсіздіктің отыз жылында жинаған қаражаты қарапайым халықпен салыстырғанда мыңдаған есе жоғары олигархтардың тобы қалыптасты. Бұл өз кезегінде елдің ашу ызасын келтіреді. Тұрмысы төмен отбасыларға берілетін 42 мың теңге жәрдемақының өзі алалаушылыққа ұрындырып, жыртыққа жамау бола алмай қалды. «Халықты сапалы өмірмен қамту мен əл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Қаңтардағы қасіретті» оқиғадан кейін мемлекеттік құрылымдар елге шынайы түрде назар аудара бастады. Оның нақты мысалының бірі «Отбасы банкі» арқылы тұрмысы төмен және жалғызілікті жандарға екі пайыздық мөлшердегі несие бөлуге көшуі құптарлық қадам. Бірақ соның өзі де елдің ойынан шықпай тұр. Себебі, тұрмысы төмен жандар болашақта сатып алатын пәтер құнының он пайызы мөлшерінде қаржы жинауы тиіс. Мәселен, Түркістан қаласында орташа он соттық жердің бағасы он миллион теңгенің шамасында болса, екі бөлмелі пәтерді жалға алу құны 120-150 мың теңге көлемінде болып отыр.

Ал жаңа әкімшілік шағын ауданындағы пәтерлердің сатып алу бағасы қолжетімді емес. Оған мемлекеттік мекемеде қызмет ететін жас отбасылардың өзі де ақшасын жеткізе алмай отыр. Себебі айына 100 мың теңге пәтерақысын төлеуге шамасы жетпейтіндер көп. Ендігі жерде пәтерақысын мемлекет есебінен төлеп отырудың жайын қарастырмаса болмайтын сыңайлы. Немесе, қуатты мекемелер өз қаражатына пәтерлерді сатып алып, тұрақты қызметкерлеріне төмен бағамен беріп отырса құба-құп. Бұл өз кезегінде әлеуметтік наразылықтың басылуына ықпал ететін қадам болмақ. Қазіргі таңда байлар күн санап байып бара жатса, елдің көп бөлігі кедейшіліктің қамытын киіп отыр.

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы