КӘСІБІМІЗГЕ ЗАРДАБЫН ТИГІЗБЕЙ ҚОЙМАДЫ

1  886 көрілім

Жаңа басталған жылдан бері, міне, неше күн бойы еліміз дүрлігіп, мазасыз күй кешуде. Соғыс уақытын сезіндірген жағдай әлі де алаңдатады. Ол барлығына, білім саласына да, сауда саласына да салқынын тигізбей қоймады. 10 қаңтарда басталып кететін мектеп оқушыларының, бір аптадан кейін басталатын студенттердің оқуы кейінге ұзартылды. Осы қиын жағдай кәсіпкерлерге де өз әсерін тигізді…

Иә, жаңа жылдан бері жанымыз жай таппай отыр. Біріншіден, халқымыз үшін, бейбіт өміріміз үшін әлбетте уайымға салынамыз. Бұл елдің әр азаматының парызы деп білемін. Әуелде барыс жылы батыл мінезін көрсеткен өр халықтың әрекетіне тәнті болсақ, кейін жаппай орын алған бассыздықтарды түсінбей, әбігерге қалдық. Экономист ретінде айтарым, халық әбден қымбатшылықтан қажыды. Сол себепті уақыт оздырмай өз ойларын ортаға салмақ болған еді. Алайда арандатушылар жағдайды ушықтырып жіберді. Есесіне, мемлекет қазынасына қаншама салмақ түсті десеңші. Енді оның барлығын қалпына келтіру үшін уақыт, мол қаражат керек. Осының салдарынан зардабын тағы да халық көреді. Яғни, зейнетақының, айлықтың, әлеуметтік жәрдемақылардың кешігу қаупі болуы мүмкін деген ойдамын.

Ал, өзіміздің кәсібімізге келсек, әрине, жағдайдың жайсыз әсері байқалды. Өздеріңіз көріп отырғандай, Алматыдағы жағдай мәз емес. Біз азық-түліктерді, өнімдерді Алматыдан алдыртатын едік. Келісім жасасқан арнайы фирмалардан зат алу біршама қиындық тудырды. Тұтынушы ретінде байқасаңыз, біздегі өнімдер сапа стандартына толық сәйкес келеді, мерзімі бітуге жақын тауарға мүлдем жоламаймыз. Мақсатымыз – тұтынушыға өзіме ұсынғандай сапалы өнім ұсыну. Мұны білген тұтынушы да риза, біз де халыққа ұялмай қарайтындай дәрежедеміз. Сондықтан да осы мәселелерге байланысты тиісті жерден тауарға қол жеткізе алмай отырмыз.

Алдағы уақытта жағдай нәтижелі болып, халықтың көңілі жайланатынына өз басым сенімім мол. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, ынтымағымыз зор болса, барша қиындықтарды бірге жеңеміз деп ойлаймын.

Ербосын ӘБІЛҚАСЫМОВ,

«Нұрай» супермаркетінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы