ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

1  465 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттегі баяндамасында жалған ақпараттардың ығында кетіп, көп жастардың бейбіт митингінің соңы өкінішті жағдайға ұрындырғандығын атап өтті.

«Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, əрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі əдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.

Бірақ бізге керегі – тек ақиқат ғана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық»,-деп тұжырым жасады.

«Қаңтар қасіретінен» сабақ алмаған жеңілтек жандардың жалған ақпаратпен ел арасында түрлі пікір қалыптастырып, қоғамда үрей тудыруға ұмтылғандар саны әлі де азаймай тұр. Соның салдарынан билік пен халық арасында өзара түсініспеушілік туындап жатқаны мәлім. Сондықтан әлеуметтік желілердегі фейк ақпараттың шын-өтірігін ажырата білу маңызды. Біз осы жөнінде тоқталсақ.

Қазір смартфоны бар әрбір адам WhatsАрр қолданады. Тіпті егде тартқан кісілер WhatsАрр-ты байланыстың тиімді тәсіліне балайды. Бұл арқылы алыстағы ағайынды, тума-туыс, бала-шағаның хал-жағдайын аудио және видео жазба арқылы білуге болады. Сондықтан әлемдік сарапшылар бұл месенджердің тиімділігін жоғары бағалап отыр.

Бірақ соңғы кездері фейк ақпараттардың көп тарайтынынан адамдар шатасып, дақпырт пен ақиқаттың ара жігін ажыратуы қиындай түсті.

Тіпті сенімсіз ақпаратты бөлісіп, таратқаныңыз үшін заң алдында жауап бересіз. Facebook-те әлеуметтің өз ойын ашық білдеретін платформаға айналып үлгерді. Бірақ мұнда да фейк ақпараттар өріп жүр.

Қазір елімізде блогермін деген тұрғындар көбейді. Түрлі аккаунт ашып алып, негатив пікір немесе шындық деп шырылдап жүргендер де бар.

Енді месенджер арқылы тарайтын фейк ақпаратты қалай ажыратуға болады.

Біріншіден, ақпаратқа сілтеме берілуі маңызды. Яғни ақпарат беруші мекеме аталуы тиіс. Мәселен, «Жақындарыңды ескертіңдер», «баласы барларға жіберіңдер», «мұқият қараңдар» мәтініндегі хабарлама келсе, бұл – фейк. Шынайы ақпаратта ресми органдарға немесе сенімді ақпарат көздеріне сілтеме беріледі. Ең бастысы уақыты көрсетілуі керек. Сосын мәтінде нақтылық болуы маңызды…

Төтенше жағдай басталғалы жалған ақпарат таратып, жұртты дүрбелеңге салғандардың дені жастар болды. Олардың көбі темір торға тоғытылып, кейбірі айыппұл төлеп құтылды. Мұндай жағдай біздің өңірде де кездесті. Шара қолданылды. Онсыз да індетпен алысып, жүйкесі жұқарған бұқараны шатастырған жалған жазбалар әлі де әлеуметтік желіде азаймай тұр.

Тіпті ұлтарасыздық шиеленіс тудыратын үндеулердің көптігінен азаматтардың ашу-ызасы туындап, жан беріп, жан алысуға дайын.

Шыны керек, қазір жұрт ашулы. Ол түсінікті. Базар бағасының тұрақсыздығы, дәрі-дәрмектің тапшылығы, қарапайым бет пердесіз жүргенге 83 мың теңге айыппұл салу және т.б халық шаршады. Бұл бөлек әңгіме…

Қазір карантинді пайдаланып қалушылардың қатары артты. Яғни жұмыссыз жүргендерге мол ақша табудың жолын көрсетемін деп, қалтаны қаққандар қаншама. Оның ішінде пәтер алып беру дерегі өте көп, одан бөлек ауадан ақша табуға жәрдемші боламын немесе лоторея ойынын ойнату да жиілеп кетті. Лотерея ойыны көбіне «Instagram» арқылы ойнатылады. Қарапайым дегенімен, қалтаға әжептеуір салмақ түсіретіні тағы бар.

Заң не дейді? Қазақстанда жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

-Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де, көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Барлық фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігімен тіркеледі. Мұндай фактілерді анықтау үшін күн сайын әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілуде және жалған ақпарат таратқандарды анықтайтын қажетті техникалық мүмкіндіктер бар, – дейді құзырлы орган мамандары.

Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Кейбір сарапшылар ақпаратты тексерудің оп-оңай екенін, алайда адамдар енжарлық танытып, назар аудармайтынын айтады. Яғни смартфонда геолокация қосылып тұрса, бейнежазбаның қандай телефонға және қашан түсірілгені айқын көрінеді. Интернетке метадатасын өзгертпей жүктегенде, деректердің барлығы бірге жүктеледі.

Олардың айтуынша, Қазақстанда деректердің көп бөлігі ашық екенін, stat.gov.kz және goszakup.gov.kz сайттарынан қажетті мәлімет алуға болады екен. Әлем елдері фейк ақпаратпен күресуді жолға қойған. Google фейкпен күресуге 300 млн қаржы бөлген. Facebook те жалған ақпаратқа жол бергісі келмейді. Германия арнайы заң қабылдады. Ресейде де фейкке қарсы заң күшіне енді. Индонезия мен Ұлыбритания халқы арнайы шара қолданып жатыр. Біздің елде де фейк ақпараттарды шектейтін арнайы заң үстемдік құрар.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта елімізде кешегі қаңтар трагедиясы кезінде бейбіт митингілер мен Алматыдағы қанды қырғыннан ақпарат таратқан жиырмаға жуық журналистер мен блогерлердің өзі тұтқындалып, бірқатарының үлкен мөлшердегі айыппұлмен құтылғандығы мәлім болды. Ендеше, ақпарат таратушы блогерлер мен журналист әріптестерімізге жалған мен шындықтың ара жігін ажыратып, тек ресми орындардың берген ақпараттарына сүйенулері жөн деп санаймыз.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы