Түркістан облысы екпе салдыру көрсеткіші бойынша алдыңғы үштіктер қатарында.
Өңір эпидемиологтарының зерделеуіне сәйкес, жаппай вакцина алудың арқасында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар ауруды жеңіл өткеріп, өлім санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізуде.
Облыста Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыруға жататын азаматтардың саны 1 046 130 –ды құрайды. Деректерге сәйкес, елімізде вакцина салдыру науқаны басталған 2021 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін, І-компонентті салдырғандар саны 100% жетті. Сондай-ақ, вакцинаның ІІ компонентін де алған тұрғындар саны 98,7% құрады.
Дегенмен жоғарыдағы көрсеткіштер карантин талаптарын сақтамауға болады дегенді білдірмейді. Себебі, 15- қаңтар күнгі эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша Түркістан облысы «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа енді. Өңір эпидемиологтары тұрғындарды ревакцинациялануға шақырады.
Мамандардың айтуынша кейбір вакциналардың белгілі бір уақыт өткенде күші қайтуы себепті, вакцинаның екі компонентін салдырғаннан кейін арада 6 ай өткенде коронавирусқа қарсы вакцинаны қайта салдыру ұсынылады. Ревакцинациялау 1 ғана дозамен жүргізіледі.
Түркістан облысында ревакцина алғандар саны 58 809-ды құрады.