БІРЛІК – ЕЛДІГІМІЗДІҢ МӘҢГІЛІК ЕРТЕҢІ

1  619 көрілім

Бір кездері бодандық уысында тұншығып, енді бір кездері ашаршылықтың отына күйіп, сан түрлі тауқыметтің кебінін киген ел тағдырын ашынбай айту мүмкін емес. Деседе уақыт дейтін ұлы емшінің басымызға үйіп-төгіп берген бағының арқасында тәуелсіз ел атанып шаттандық. Күні кеше ғана сол егемендіктің отыз жылдығын ел болып тойлап қуандық, бөркімізді аспанға атып тойладық. Ақыры сол барша қуаныштарымыз су сепкендей басылды. Ақиқатын айтар болсақ, ондағы басты себеп елдегі күн сайын нашарлай бастаған әлеуметтік-экономикалық жағдай-тұғын.

Нақтылап айтқанда барыс жылының басталуымен Жаңаөзендегі қымбатшылыққа наразы болған халықтың бейбіт шеруі республикамыздың әрбір өңіріне ұласты. Маңғыстау, Орал, Атырау және Батыс Қазақстандағы митинг бейбіт ереуілмен басталып, Қызылорда, Ақтөбе, Семей өңірлеріне де қарапайым халықтың билікке қарсы наразылығы толастамады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл үндеу жасап, «Төтенше жағдай» жариялағанына қарамастан еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты мегаполис қалаларында жағдай тіпті ушыға түсті.

Әуелде ереуілге шыққан халықтың талабы «Қымбаташылыққа қарсымыз», «Газ, жанармай, азық-түлік бағасы арзандасын», «Билік халықтың жағдайымен санассын» деген ауқымда жүргізілген. Аталған мәселелерге байланысты газ бағасының бір-ақ күнде 120 теңгеге көтерілуі Маңғыстау облысы Жаңаөзен қала тұрғындарының наразылығын оятып, алаңға жиналуына басты себеп болғаны ақиқат. Оларға руханият жаршылары мен зиялы қауым өкілдері де үн қосты. Еліміздің мемлекеттік сыйлық иегері, халық жазушысы Дулат Исабеков: «Әділдікті талап ету жолындағы наразылыққа билік бұл жолы күш көрсете қоймас. Тек, араларыңызға арандатушылар араласып кетпесін, содан сақ болғайсыздар!», – деп өз пікірімен бөліскен еді.

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған билік пен үкімет басшылары дер кезінде үкімет тарапынан комиссия құрып нақты жағдайды анықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы 5 қаңтардағы қаулысына сәйкес, газ бағасын Республика көлемінде 120 теңгеден 50-70 теңгеге дейін арзандатып, көгілдір отынның тұрақтанған нарқын өсірмеуге 180 күнге мораторий жариялады. Сонымен қатар, еліміздегі азық-түлік өнімдерінің сырт мемлекеттерге шығарылуына тыйым салып, қарапайым халыққа барынша қолайлылық жасауды тапсырды.

«Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналадының» кебін киіп орайлы сәтті пайдаланып, «қой терісін жамылған қасқырлар» өз арам ойларын іске асырмаққа кірісті. Еліміздің тұтастығы мен бірлігіне іріткі салмақ болған қылмыстық ұйымдар ашынған халықтың бастапқы мақсатын басқа арнаға бұрып, халық күшін билікке қарсы қолдануды көздеген. Теріс ниеттілер Алматы қаласында көптеген адамдарға залал келтірді. Осы тәртіпсіздік кезінде тәртіп сақшылары қаза тауып, халық жасағы, ұлттық жауынгерлер ауыр жарақаттар алып, қарапайым ел-жұртта айтарлықтай зардап шекті. Арандатушылық мұнымен шектелмей қаладағы үлкен-кіші маңызды сауда орындары мен екінші деңгейдегі банк орталықтарын қиратты. Ең сорақысы, «Ұлттық арнаның» Алматы қаласындағы бас ғимаратына шабуыл жасап тікелей эфирге шығуды көздеген аталмыш топтың мақсаты жүзеге аспағандықтан ғимараттағы 60 жылдық «Алтын қор» қоймасы түгелімен отқа оранған. Телекамералар ұрланып, телевизия қайраткерлеріне қойылған ескерткіштер де бүлікшілер қолынан қиратылды. Аталмыш жағдайға байланысты «Тоқтатыңыздар! Өздеріңізге өздеріңіз жау болмаңыздар! Өз тарихын өртеген халық ешқандай ұшпаққа шықпайды, ешқандай жақсылыққа жетпейді. Тоқтатыңыздар!», -деді «Қазақстан» PTPK Алматы филиалының директоры Сәуле Жиреншина.

Заманының заңғар тұлғасы Қаз дауысты Қазыбек би «Алтын ұяң-отан қымбат, құт-берекең атаң қымбат», – деп толғағандай туған жер, туған өлке, ұлы Отан ұғымдары қадірін біліп, қасиетін ұққан жанға қашанда ыстық, қашанда мәртебелі болмақ. Алайда, теларнаның күлін көкке ұшырған белгісіз топтың осы бір аталы сөзді тереңдеп түсіне алмағаны, өз тарихының айнасына түкіргені жанға батады. Көкірегіңе тереңдей барып құсаға айналады.

«Ел іші- алтын бесік» демекші сол алтын бесігімізде айрандай ұйыған халықтың ынтымақ- берекесін қашырмақ болып, ата-бабамыз аманат етіп тапсырған егемендігіміз бен тәуелсіздігімізге көз алартып, орайлы сәтте өз арам ойларын жүзеге асырмақ болған лаңкестік топтың тыныштығымызды бұзып, маңызды қалаларымызға кіріп қырғын салуы, тонаушылық әрекеттермен ел экономикасына ауыр зиян тигізіп, ойларына келген бұзақылықты жасағаны бәрімізге аян.

Мемлекетімізде орын алған осы бір қиын-қыстау сәтте «Ел намысын ер қорғар» дегендей қаншама әскери қызыметкерлеріміз күнді түнге жалғап, қорғаныс шараларын күшейтіп, әр облыс, қала қақпаларында жолаушылардың кіріп-шығуын қатаң бақылап, жіті тексеру жұмыстарын жасауда.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек бүлікшілер еліміздегі 100 ден аса ірі сауда орындары мен банктерді тонап, «Атамекен кәсіпкерлік палатасының» мәліметі бойынша еліміздегі жалпы шығынның құны 102 миллиард теңгеден асқан. Тонаушылық әрекеттерге қатысқан қылмыс күмәнділері әр өңірдегі блокбекеттерден ұсталып, қомақты қаржы мен қоса қару-жарақ және тұрмыстық жабдықтары (Компютер және Iphone, Samsung телефондары) тәркіленді. Содай-ақ, ел шекарасын бұзып өтпек болған 300 ден аса лаңкестік топ шекара қорғаушы полицейер тарапынан қолға түскен. Жалпы, елімізде 8000-ға жуық қылмыс күдіктілері қолға түсіп, олардың біраз бөлігі шетелдік азаматтар болып шықты. Бәрінен де жанымызға бататыны бейбіт заманда еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек еткен жауынгерлердің қаза табуы және бейкүнә халықтың да жазықсыз опат болуы қабырғамызды қайыстырды. Осы қантөгіс пен қайғылы оқиғаларға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10  қаңтар күнін «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жариялады.

Дәл қазіргі сәтте елімізде туындаған ерекше жағдайлардың алдын алу мен лаңкестік күштерді тізгіндеу үшін одақтас, көрші елдерден әскерлер көмекке алынып, барлық өңірлерде, облыс-аймақтарда жағдай бір қалыпқа түсіп, коменданттық сағат енгізілді.

Қазақстан Республикасында жарияланған төтенше жағдайдың күшінде болу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандардың, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін, көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандардың күзетілуін және күшейтілуін ерекше ескертеді.

Қолға алынған шұғыл шаралардың арқасында елдегі оқиғалар күн өткен сайын оңалып, тұтас жағдай тұрақты деуге негіз бар. Оның бір айқын көрінісі отставкаға кеткен Үкімет қайта жасақталып, елдің жағдайын оңалтуға білек сыбана кіріскен. Жаңа Үкімет өз қызметін бастады. Президенттің нақты тапсырмалары негізінде жұмысқа кіріскен жаңа құрам халықтың мұңына құлақ асып, ушыққан әлеуметтік жағдайды қалпына келтіруде еститін мемлекеттің үздік үлгісін көрсете біледі деген сенім мол.

Осындай ел басына күн туған дүрбелең сәтте қарапайым бұқараны қауесеттерге сенбеуге, жалған ақпарат таратпауға, жақындарына жанашыр болып құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заң тәртібіне бой ұсынып үйлерінен беталды шықпауға, Ел тәуелсіздігі мен егемендігімізді көзіміздің қарашығындай қастерлеп, шын қадіріне жетуге шақырамыз. Өйткені осындай ел сыналар күн туғандағы бірлік елдігіміздің мәңгілік ертеңі болып саналмақ!

Қаршыға ШОМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы