Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Афоризм» атты қолжазбасынан

304 көрілім

*Жынның ізгісін тапсаң да, діннің ізгісін таппассың.

*Кеспірсіз адам ішінде де керемет сұлу махаббат болады.

*Ақша – Сайтан куәлігі.

*Жүрек нұры – Ақыл кемпірқосағы.

*Серттің жүзі семсерді де турап тастайды.

*Данаға таң қалмайық, өз ақымақтығымызға таң қалайық.

*Кей сұрақтың жауабы – кей сұрақта.

*Самұрық пен Айдаһар – бір жұмыртқадан.

*Желді ұштай білсеңіз, жебеңіз қалар жайына.

*Оқығандар ішінде де надандар бар.
Оқымағандар ішінде де адамдар бар.

*Халқың үшін жасаған қарекетіңнің қарқыны қардың да шаңын шығаратындай болсын!

*Ата Тілін білгісі келмейтін қандасың ата жауыңнан да қауіпті.

*Ақымақтың айтқаны – ауыздан шыққан жел ғана.

*Құдай да өз Ойынан оза алмас.

*Тәннің таудай рахаты Жанның тозаңдай да қажетін өтей алмайды.

*Тоңғаққа – тон да суық.

*Сүйек дәмін ит білер.

*Ұзатылмағанын сезген қыз ұзамай қайтып оралар.

*Қырауын қырғанға Қыс кетпес.

*Тәнің ауырса, дәріңмен емдерсің.
Жаның ауырса, Арыңмен емдерсің.

*Тілмен сөйленген сөз құлаққа жетер.
Ділмен сөйленген сөз жүрекке жетер.

*Мал бауыздағанына жылайтындар бар.
Кісі бауыздағанына күлетіндер бар.

*Дананың Сөзін айтсаң, дамбалының бөзін айтады.

*Құл жанынан – күл таза.

*Отанын ойламайтын оғланнан – есек артық.
Оғланын ойламайтын Отаннан – ошақ артық.

*Болайын деп тұрған баланың борбайында да құт болар.

*Көмей жұпар сйлер деп көтен жұпар сөйлемес.

*Ойлы сөз жазсаң, оныңды ешкім керек қылмайды.
Ойнас сөз жазсаң, бәрі соған тұра жүгіріседі.

*Таң-ғажайып жасампаз нұры шексіздікке жайыла, тоғыз қат Аспан түрінде кемпірқосақтанған Күндердің Күні – Жұпар Ійе мекені.

*Елікпелерде Ес болмайды.
Елпеңдерде сес болмайды.

*Әр ақиқаттың шындығы – көп, өтірігі – шексіз.

*Обал оғының дəрісі қашанда құрғақ

*О Дүниенің Тозағы да тазалықты талап етеді.

*Оймағы бардың инесі жоқ.
Инесі бардың түймесі жоқ.

*Басың қышыса, қасырсың.
Есің қышыса, сасырсың.

*Ескегі бар Ес қана ажал мұхитынан өтеді.

*Санасыз еркек қойған сақалды сайтан мекендейді.

*Адамның зұлым жыны әлемді де жойып жібере алады.

*Үміт жұлдыздары үрей түнегінде ғана ерекше жайнай түседі.

*Көктемің сары болса, Қысың қара болады.

*Дүниеде жалықтырмайтын басты екі құбылыс бар:
ғашық болу және жақсылық жасау.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары