САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАМАЙЫҚ

835 көрілім

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақтағы эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг болып өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н.Нышанов хабарлама жасады.
Департамент басшысының мәлімдеуінше жалпы коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамының кеңінен таралуына байланысты дүние жүзінде эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Соңғы аптада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жалпы еліміздегі эпид ахуалдың қайта күрделеніп отырғандығын жеткізді. Оның ішінде Түркістан облысында да эпидемиологиялық жағдай қаңтар айының басынан біршама күш алғанын көрсетіп отыр. Өңір бағалау матрицасы бойынша «жасыл» аймақта болғанымен, тәулігіне 20-30-дан аса коронавирусқа щалдығушылар тіркелуде.
2022 жылдың алғашқы 10 күнінде COVID-19 инфекциясына 222 тұрғын шалдыққан. Соңғы тәулікте 37 жағдай есепке алынса, оның ішінде 4 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталып отыр. Облыс эпидемиологтары аурушаңдықтың жұғу жолдарын анықтап, зерделеп отыруда. Аймақтағы эпид жағдайдың күрделене бастауын ең алдымен санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалмауы, бетперделік режимдердің сақталмауы, мерекелік күндері топтасып жүру, қоғамдық орындарда карантин талаптарына салғырт қарау сынды бірнеше факторлармен байланыстырды.
Өткен жылы облыс аумағында карантин режимі талаптарының орындалуын бақылау бойынша жасақталған 120 мобильді топ 01.01.-31.12.2021 жыл аралығында 224411 нысан араланған. Мобильді топ және аумақтық полиция басқармалары қызметкерлері тарапынан анықталған карантин режимін бұзып жұмыс жасаған нысандарға және жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 4775 хаттама толтырылған. Оның ішінде 4583 жеке тұлғаларға 30 АЕК, 157 жеке кәсіпкерге, 7 заңды тұлғаға және 28 лауазымды тұлғаға 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Жалпы айыппұл соммасы 267 227 670 теңгені құраған.
Аймақта 9537 кәсіпкерлік нысан «Ашық» бағдарламасымен жұмыс жасайды. Кәсіпкер азаматтар келушілерді нысанға кірер алдын міндетті түрде «Ашық» қосымшасымен кіруін бақылауы қажет. ҚР Мемлекеттік санитариялық дәрігер Е.Қиясовтың 31-желтоқсан күнгі Қаулысына сәйкес, 5-қаңтардан бастап «Көк» статусты азаматтардың нысандарға жіберілмейтіндігі туралы көрсетілген болатын. COVID – 19 инфекциясына қарсы вакцинациялау көрсеткіштері бойынша өңір республикада алғашқы үштіктер қатарында екен. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 99,9 % коронавирусқа қарсы екпенің І – компонентін, 98,4 % екпенің ІІ – компонентімен қамтылған.
«Pfizer» препаратының бірінші екпесін 80034 азамат салдырса, екінші компонентті салдырғандар саны 33076-ны құрады. Сонымен қатар, өңірде 131087 азаматты КВИ-ге қарсы ревакцинациялау жоспарланған. Қазіргі таңда медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлерінен құралған 40952 тәуекел топтар ревакцинацияланған. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, азаматтарды карантин талаптарын сақтауға, вирусқа қарсы вакцинациялауға шақырамыз.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы