Еліміздің бірқатар ірі қалалары мен елді мекендерінде экстремизм мен терроризм бағытын ұстанған радикалды топтағы арандатушылар мен тонаушылардың заңға қайшы жасаған жаппай тәртіп бұзушылықтары мен мемлекет құрылымына қарсы террористік акцияларының салдарынан жүздеген құқық қорғау қызметкерлері мен қарапайым азаматтар денсаулықтарына зиян келтірген. Олар дене жарақаттарын алып отырса, орны толмас өкінішке орай, сол азаматтардың арасында өздерінің қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатындағы қызметтік міндеттерін атқарып жүріп қаза болған құқық қорғау қызметкерлері де бар.
Сонымен қатар, жаппай тәртіп бұзушылықтардың нәтижесінде еліміздің экономикасына, азаматтардың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайына, көптеген әлеуметтік нысандар мен ғимараттарға, сауда орындары мен басқа да нысандарға өте көп мөлшерде материалдық шығындар келіп отыр. Еліміздегі орын алған осындай қиын ахуалды бейбіт жағдайға тұрақтандыруға, заңдылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, конституциялық тәртіпті қалпына келтіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз бағытындағы Перзидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдап және іске асырып отырған қатаң шешімдері мен батыл қадамдарын қолдаймын.
Республика көлемінде орын алған ауыр жағдайдың себеп-салдарын анықтап, тиісті құқықтық баға беру Президенттің бастамасымен құрылған арнайы тергеп-тексеру комиссиясының құзырына берілді. Отанымыздың Тәуелсіздігіне, оның конституциялық құрылымына, тұтастығына, халқымыздың бірлігі мен тыныштығына қастандық пен опасыздық жасағандарға барынша қатаң жазалар қолданылуы тиіс. Өйткені қазіргі қалыптасқан жағдайдың талабы сондай. Халқымыз осынау қиын-қыстау кезеңде өзінің бірлігі мен тұтастығын, мызғымас ынтымағы мен сабырлығын көрсете отырып, жарқын күндердің жеңісіне жететіндігіне сенімдімін. Еліміздің еңсесі биік болсын! Біз біргеміз!
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан қалалық ардагерлер
ұйымы төрағасының орынбасары.
ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК БОЛСЫН!
1 623 көрілім
