Түркістан қаласындағы «Жеңіс» орталық саябағында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Жаңа жылдық мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қалалық мәдениет үйінің арнайы дайындаған қойылымдары көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік кеште сахнаға Аяз ата мен Қарша қыз шығып, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұдан соң сахнаға Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков шығып, барша Түркістан жұртын санаулы сағаттан соң есік қаққалы отырған 2022 Жаңа жылмен құттықтады.
«2021 жыл қаламыз үшін айшықты оқиғаларымен, тарихи мезеттерімен есте қалды. Түркістанның облыс орталығы ретінде қалыптасуы, өсіп өркендеуі қазіргі таңда елдің назарында. Аз ғана уақыт ішінде көптеген зәулім ғимараттар бой түзеп, қала көркін ашты. Инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, қаламыз даму жоспарына сәйкес, күн санап түрленуде. Енді Түркістан көне шаһар ғана емес, ол туризм орталығы ретінде дамуды бетке алды. Жаңа жыл Сіздерге қуаныш, жаңа ұмытылмас әсерлер мен үкілі үміттер сыйласын. Келер жылы ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа үмітті жетелеген жаңа жыл әр шаңыраққа шаттығымен енсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, мол ырыс пен қуаныш тілеймін. Еліміз аман, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз құттықтауында.
Бұдан соң «Қош келдің, Жаңа жыл» атты мерекелік шара қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

