Менингит (менингококты инфекция) – мұрын – жұтқыншақтың шырышты қабаты мен мидың жұмсақ қабатын зақымдайтын жедел жұқпалы ауру. Менингит ауруы ауа – тамшы жолымен науқас немесе бактерия тасмалдаушыдан сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде, сүйіскенде сілекей арқылы жұғады. Жұқпаның көзі тек науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы. Менингит ауруымен көбінесе мектепке дейінгі балалар, мектеп оқушылары ауырғанымен, жасөспірімдер мен ересектер арасында да кездеседі. Аурушаңдықтың көтерілу кезеңі қараша, желтоқсан айлары. Ауру жедел басталып, жалпы әлсіздік, бас айналу, бас ауру, дене қозғалуы бәсеңдеп , науқастар қатты дыбысқа, шуылға төзімсіз келеді. Мойынның, арқаның, іштің еттері тырысып, дем алуы нашарлайды, іштің төменгі жағына бөртпе пайда болады, еріннің асты көгеріп кетеді. Менингит ауруын анықтаған жағдайда науқасты оқшаулап, дер кезінде ауруханаға жатқызу керек .
Алдын – алу шаралары : Жоғары тыныс алу жолдарының кез келген қабынуы кезінде тез арада дәрігерге көрінуі керек, себебі аурудың алғашқы сәттерінде ауруды емдеу жеңілдеу болады. Ауру анықталған үйде немесе мектеп , бала – бақшаларда бөлмені жиі желдетіп, ылғалды жуу жұмыстарын жиілетіп, дәкелік масканы қолданған абзал. Науқаспен қарым –қатынаста болғандарға 10 күн медициналық бақылау жүргізіліп, дәрігердің қарауында болады . Науқас жазылып шыққаннан кейін дәрігер – невропатологтың диспансерлік бақылануына 2 жыл есепте тұрады.
Түркістан қалалық СЭББ бас маманы Н. Гуламова
