ҚАБАНБАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

861 көрілім

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Түркістан-Қызылорда» тасжолы бойынан Қабанбай батыр ескерткішінің қайта бой көтеруіне орай салтанатты шара өтті. Зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындарының қатысуымен өткен салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тыл ардагері Өтепберген Қуанышбаев, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Мақсұт Атамбаевтар Қабанбай батырдың елі үшін, халқы үшін атқарған орасан зор еңбектері, өмір сүрген жылдары, ұрыс алаңындағы ерліктері, талантты қолбасшы болғаны жайлы тебірене сөйледі. Қабанбай батыр ескерткішінің 2008 жылы қаладан Шымкентке шыға берісте Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ардагер құрылысшы марқұм Нышанбай Төрежановтың жеке қаражаты есебінен орнатылғанын, Түркістан қаласы облыс орталығы атанып ескерткіштің орнына жаңа ғимараттардың салынуына байланысты бүгінде осы жерге орын ауысқанын айта келе «Ныш-Ер» ЖШС-нің директоры Ерболат Нышанбайұлының игі ісі екендігін атап өтті.
Салтанатты шара құрметті қонақтардың қатысуымен Қабанбай батыр ескерткішінің алдына тартылған лента қию рәсімімен жалғасып, ескерткіштің алдына гүл шоқтары қойылды. Шара барысында жеке кәсіпкер Ерболат Төрежановқа ағайын-туыстары құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты, ұлына ақбоз ат мінгізді.
Иә, Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, егеменді ел болуымызға Қабанбай батыр секілді ұлы тұлғалардың өмірінің соңғы күндеріне дейін елін, жерін қорғауға арнағаны бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс деп білеміз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары