Жарқынбек көкені жыл басында 80 жасқа толған мерейлі жасымен редакция ұжымы арнайы барып құттықтап, ол жөнінде газетімізде көлемді мақала берген болатынбыз. Сонымен осы аптада «Алты алаштың басы қосылса төр ұстаздікі» демекші түркістандықтар ұстазын төріне шығарды.
Олай дейтініміз, Түркістан облысы мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетовтың 80 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Рухани шаһардағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» тақырыбында өткен шараға қала әкімдігі мен мәдениет үйі ұйытқы болды. Саналы ғұмырын жас ұрпақтың болашағы мен кемел келешегі үшін сарп еткен қарияның мерейтойына қаламыздағы зиялы қауым өкілдері мен замандас-құрдастары қатысты.
Жиын барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Алия Шалхарова ұстазды қала әкімінің атынан арнайы құттықтап, шапан жапты. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы Ерсін Тәжібаев табыстады. Сондай-ақ, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров пен қоғам белсенділері кеш кейіпкеріне деген ақ тілектерімен ыстық ықыластарын жеткізіп, құттықтау хаттарын арнады.
«Түркістандағы білім саласында қанша басшы келіп-кетіп жатыр. Бірақ мен соның ішінде осы салаға өлшеусіз үлес қосқан бесеуін ғана мойындаймын. Соның бірі де бірегейі өз заманында аталмыш саланы алға сүйреген, қазіргі таңда қазыналы қария болған Жарқынбек Құлбайымбетов», – деген Рақым Тәңірбергенов ұлағатты ұстаздың өнегелі еңбек жолы мен жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
Ұстазды ұлықтаған жиында қалалық мәдениет үйінің әншілері ұстаз, әке тақырыбында жүрек тебірентер әсем әндерді шырқады. Балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары ұстаздың құрметіне өлеңдерді мәнерлеп оқып, абыз ақсақалдың мерейін үстем етті.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.
