ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ

1  243 көрілім

Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына орай, сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамсыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тоқсауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.
Көптеген тәжірибелі ғалымдардың пікірінше қылмыстық жауапкершілікпен байланысты жазаны қатайту, қатаңдату жемқорлық мәселесін түбегейлі толық шешеді деу қиын. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жазаны қатаңдатудан гөрі, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін арттыру жолдарын табу қажет екендігін айтады. Осы бағытта жемқорлықпен күрес сапалы жүргізілу үшін мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің жағдайын жақсарту, лауазымды тұлғалармен құқық қорғау органдары жүйесі, сот қызметі секілді барлық ықпалды органдарда жемқорлықтың алдын-алу, қоғамға қауіпті әрекеттерден сақтандыру профилактикалық шаралары кеңінен жүргізілуі тиіс деп санайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру кез-келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Елбасымыз халыққа арнаған сөздерінде жемқорлық індетінің тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайтынын жиі айтып келеді.
Жемқорлық белең алған жағдайда еліміз бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосыла алмайтыны белгілі. Мұндай әрекеттер экономикамыздың бәсең дамуына, әлеуметтік жағдайымыздың төмендей түсуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан, мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары өз құзіретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс деп санаймыз.

Меруерт АБУОВА,
Түркістан қалалық ішкі саясат
бөлімінің сектор меңгерушісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы