ТҮРКІСТАН МЕН ЕЛБАСЫ ЕГІЗ ҰҒЫМ

663 көрілім

Түркістандықтар өздері мекен еткен қасиетті топырақтың атауын Тұңғыш Президент есімімен егіз ұғым деп біледі. Өйткені Тәуелсіздіктің таңы атқан күннен бастап, Елбасының қолдауын сезініп келе жатқан қасиетті шаһар жұртшылығы соңғы үш жылда Түркістанға деген айрықша қамқорлықтың куәсі болуда. Осыдан болса керек, екі ұлы есімді егіз ұғым деп қарастыратыны.

Міне, ел басқару ісінде жас мемлекетті аяғына тұрғызып, жайма шуақ күндерге жол ашқан Елбасы құрметіне орай бекітілген Тұңғыш Президент күні Түркістанда сән-салтанатымен аталып өтті. «Ақжайық» музыка мектебінде ұйымдастырылған.

Шара аясында тәуелсіздік жетістіктері мен Елбасы жолын дәріптейтін кітаптар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Жиын барысында сөз алған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков түркістандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

«Ел Тұңғыш Президентіне сенді, соңынан ерді. Ел сенімін ақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, нәтижесінде тәуелсіздіктің баянды, егемендіктің еңселі болуына халықты жұмылдыра білді. Киелі мекен – Түркістанымыздың облыс орталығы атанып, жаңа серпінмен дамуы да Елбасының идеясынан туындағанын ел жақсы біледі. Ер еліне сенгенде, ел еріне сенгенде Елбасымыздың бастамасымен атқарған жұмыстардың нәтижесінде еңселі егеменді елге айналдық. Мәңгілік еліміз ары қарай да жасай берсін», – деді қала әкімі. Осы ретте Мәңгілік ел идеяларын жүзеге асырудағы үлесі үшін шаһар басшысы түркістандықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, әр саланың үздіктерін алғыс хатпен марапаттады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістерді, ауқымды реформаларды іске асыру арқылы Тәуелсіздігіміздің символына айналды» деген болатын.

Шарада көк байрағымыз сахна төрінде желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Жұртшылық назарына «Тұңғыш Президент және түлеген Түркістан» атты бейнематериал ұсынылып, онда қаламыздың өткені мен бүгінінен сыр шертті. Сонымен қатар, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары Елбасыға арналған патриоттық әндер шырқап, «Бисұлтан» бишілер тобы биден шашу шашты. Ал, мектеп оқушылары «Еркіндігім қасиетім» тақырыбындағы өлең шумақтарын тебірене оқыды.

Айта кетейік, биыл еліміз Тұңғыш Президент күнін 10-шы рет мемлекеттік мереке ретінде тойлап отыр. Еліміз егемендігімізді алғаннан бергі жылдарды Елбасынсыз елестету мүмкін емес.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы