- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Мәжіліс депутаттары “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заң жобасын мақұлдады.
ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына рақымшылық жасау кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағандарға, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына қатысты қолданылмайды.
Бұған дейін ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев рақымшылық жасау туралы заңның аясында 2236 сотталушыға, 11310 пробациялық бақылауда тұрған адамға рақымшылық жасалатыны туралы мәлімдеген болатын. Нәтижесінде 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады, 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Сонымен қатар 1294 сотталушыға, 7492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың айтуынша, Қылмыстық Кодекстің 78-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды. Аса ауыр қылмыстың түрлеріне терроризм, экстремизм, жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыстар кіреді. Бұл Қылмыстық Кодексте жазылған. Рақымшылық туралы заң 1 желтоқсанда енгізілсе, онда ол осы күнге дейін жасалған қылмыстарға қолданылады. Олардың арасында онша ауыр емес жаза алған, орташа қылмыс жасағандар босатылып, қысқартылады, – деп айтты комитет төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол жемқорлықпен сотталғандар рақымшылыққа жасаған қылмысының жеңілдігіне қарай ілінетінін айтты. Заң жобасында көрсетілгендей, рақымшылықта босату және өтеу мерзімін қысқарту бар.
Жемқорлықпен отырған қылмыскерлердің қылмысы жеңіл, орта жеңіл болып, залалы болмаса, олар рақымшылыққа ілінеді, – дейді Мейрам Аюбаев.
Журналистердің «жеңіл-желпі жемқорлықтың» мөлшері, шамасы қандай? деген сұрағына Мейрам Аюбаев жауап бермей ортадан сытылып кетті. Бәрі аң-таң күйде қалды.
Жасыратыны жоқ, абақтыдан босағандар ақ қар көк мұзда Арқадан гөрі Оңтүстік өңірді паналағанды жөн көреді. Осыған орай, рақымшылықпен абақтыдағыларды босатуға байланысты Түркістан қаласындағы полиция бөлімінің әзірлік барысы қалай деген сұрақпен ПБ шықтық. Себебі, күні ертең базар маңында, автобустарда ұрылардың көбейетіндігі, пәтер тонаушылар, мал ұрлығының өршитіндігі бесенеден белгілі. «Гастрольдік сапармен» келетіндерден сақтану үшін «көршіңді ұры тұтпа, өзіңе-өзің бекем бол» деп қазақ бекер айтпаған.
– Әрине, бұған дейін де рахымшылық елімізде сегіз рет жасалды. Соған сәйкес, жиған-терген тәжірибелеріміз бар. Негізі, абақтыдан босағандарды сол бойда учаскелік инспекторлар тіркеуге алып, әлеуметтік көмек берілетіндерін анықтап, бірін бейімдеу орталығына, енді бірін ауруханаға жіберсе, еңбекке жарамдыларын жұмысқа орналастыруды көздейміз. Олар да осы қоғамның мүшелері. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей жаза басса, жазасын алды. Түзелгесін ел-жұрт болып, көмек қолымызды созғанымыз жөн,-дейді Түркістан қалалық ПБ бастығының орынбасары Әбдрахман Тоқбергенов.
Ескендір ЕРТАЙ