- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қаламыздағы Фараб кітапханасы «Кешкі кітапхана» жобасын бастады. Жобаның мақсаты – еркін әдеби шығармашылықты дамыту, ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау.
Әдебиет саласында шығармашылықпен айналысып жүрген жастар мен болашақта ақын, жазушы болсам дейтін жас талаптар – оқушылар мен студенттер және қарапайым оқырмандарға арналған кең ауқымды аудиторияны қамтитын жаңа жоба алғашқы кездесуін жас ақын Санжар Ғұламаның жыр кешімен басталды.
Санжар Ғұламаның «Сіз жақсы адамсыз» атты тұңғыш жинағы QR код арқылы дыбысталып, ақынның оқып беретін етіп шығарылған ең алғашқы туынды. Бұл жинаққа бүгінгі күні есімі қауымға таныс, белгілі ақын Санжар Ғұламаның таңдамалы өлеңдері топтастырылған. Өмір құбылыстарына өзіндік көзқарасы бар ақынның тосын ой, өзгеше бейнеленген жырлары шынайылығымен оқырман көңілінен орын алатындығы даусыз. Ол өз өлеңдері туралы:
Әр өлеңім білсеңіз, дұға менің,
Оқысаңыз Сізге де жұғады емім.
Сол жырыммен өзгеше танып мені,
Көңілімнің жай-күйін ұғады елім.
Өмірім бар өлеңде өрнек тапқан,
Біткенінше жазамын, сірә демім,
Көктем орнап кеудемде бүр жара бер,
Жауқазыны жанымның – Жыр Әдемім,-деп толғанады.

Ерекше форматта ұйымдастырылған жыр кешін Фараб кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы Шардарбекова ашып, өрелі көркем сөздерімен өрбітіп, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, ұлттық нақышта киінген кітапхана қызметкерлері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, ақын кешінің әсерлі өтуіне өз үлестерін қосты. Еркін форматта өткен кешке ақынның өлеңдерін сүйіп оқитын оқырмандар көптеп келді.

Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның директоры Рахила Үрімова, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері – ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Несіпкүл Утебаева, ардагер кітапханашы Әлима Хайдарова, сөз сөйлеп, қазіргі поэзияның жасарып жаңғырып келе жатқандығына, әлеуметтік желі арқылы поэзия әлемін бағындырған жас ақынның оқырмандарын жаңаша сипатта арттырғанына жүрекжарды қуаныштарын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған Түркістан облысы ақсақалдар алқасының мүшесі, «Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров жас ақынға сый сияпат жасады.
Жобаның алдағы жоспары – жекелеген ақын, ғалым, жазушыларға бір-бір кеш арнау,-дейді еркін форматтағы поэзиялық кешті жүргізіп отырған спикер Жанат Сәдібекқызы.
Ләззат САРЫБАЕВА