- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Биылғы жылы Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толып отыр. Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының ортақ шаңырағы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралғанша қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, Тайқазанды елге қайтарып, қайта орнына орнықтыруда сол кезде мәдениет саласында қызмет атқарған, белгілі қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф ғалым Өзбәкәлі Жәнібеков ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше. Осы мерекелік күнге орай, Түркістан қаласындағы «Farab» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шараға елімізге танымал этнограф ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан, журналист, сазгер, профессор Бекжігіт Сердәлі, профессор Хазірет Тұрсұн, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Өзбекәлітанушы Берік Байболов, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы және Ө.Жәнібектің қарындасы Айғаным Серім мен немересі Әзел Жәнібек қатысты.
Шараны Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы ашып берсе, белгілі тарихшы, профессор Хазірет Тұрсұн әрі қарай жүргізіп отырды. Спикерлер қоғам қайраткерінің өнегелі істері мен ерен еңбектерін, сонымен қатар естеліктер айтып, нақты ұсыныстарын да жеткізе білді.
Шараның екінші күні «Тайқазан» ұлттық киімдер байқауына ұласты. Байқау мақсаты – киім мен тұрмыстағы ұлттық дәстүрді зерттеу, Қазақстан мәдениетіне қызығушылық қалыптастыру, заманауи сән үлгісіне сай дәстүрлі этникалық костюмнің бірегей құндылықтарын және оның сан алуандығын көрсету, кәсіби және әуесқой дизайнерлерді қолдау болатын.
Екі күндік байқауда сән, өнер және шығармашылық саласындағы мамандардан, сондай-ақ өнер және этнография тарихындағы сарапшылардан және бұқаралық ақпарат өкілдерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Напботанова Анаркүл (Сырмақ) алса, І дәрежелі дипломды – Умербаева Алтынай (Сырлы өрнек) ІІ дәрежелі дипломды – Руш Тимур (Алтын адам) ІІІ дәрежелі дипломды – Бекманова Меруерт (Тамғалы) жеңіп алды.
Сондай-ақ, байқау қатысушыларына дәрежелі дипломдар, арнайы сыйлықтар табысталды.