Түркістан облысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу тұрғысындағы шаралардың қатары артып келеді. Сөзіміздің дәлелі апта басында Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округ аналары үш топқа бөлініп, «Киіз басу өнері – көшпенділер мұрасы» атты байқауда киіз басудан өзара сайысқа түсті. Тәрбиелік мәні жоғары әрі салт-дәстүрді дәріптеуде таптырмайтын бұл шара жиналғандардың қызығушылығын оятты.


Байқауды ұйымдастырушы Сауран аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ж.Жұмабекова «Аудан әкімі Ғани Құрмашұлының бастамасымен жаңадан құрылған ауданымызда келер ұрпаққа мұра болып қалатын игі шараларды өткізіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат етіп отырмыз. Сол мақсатымыздың көрінісі киіз басу дәстүрі атадан-балаға мұра болып қалуы тиіс деген ойдан туындап отыр. Біз өзіміздің табиғи таза өнімдерімізді дәріптеп қана қоймай оны күнделікті тұрмыста тұтынуды қолданысқа енгізуіміз қажет. Міне, осындай мақсатта ауданымыздың аға буын өкілдерімен ақылдасып, бүгінгі бастаманы қолға алып отырмыз және мұндай шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отыруды жүйелі түрде жүргізсек пе деген ниеттеміз»,-дейді.

Үш топқа бөлінген елуге тарта қолөнершілер текемет басып қана қоймай, жастарға дәстүрлі қазақ қоғамында кеңінен тараған, ою-өрнекпен өрнектел-ген киіз дайындау әдістерінің қыр-сырын көрсетті.
«Киіз басу үшін оған арнайы жүн керек. Бояуы тағы бар. Сол қажет заттарды іздеп, аздап қиналдық. Себебі қазір текемет басу өнері ұмытылып барады ғой. Осы байқау өтеді дегенді естігенде біз, ауданның әжелері бірден келістік. Өйткені ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерімізді жастарға үлгі етіп көрсету – біздің парызымыз. Келген көрермен жастар аса қызығушылық танытты. Білмегендерін сұрап, көп мағлұмат алды деп ойлаймын. Өзіміз қошқар мүйізді өрнекпен түрлі түсті бояуларды көбірек қолдана отырып киіз бастық. Туындымыздың ерекшелігі де сол түстерінде деп ойлаймын. Бас жүлдеге ие болдық», – деді 67 жастағы Фарида Мереханова.
Осылайша ақ жаулықты аналар арасында ұлттық өнерді дәріптеуде тартысқа толы болған сынның қорытындысында «Ең үздік қол өнер шебері» номинациясын «Дария толқын» әжелер тобы иемденді. Ал «Шебердің қолы алтын» номинациясы «Асыл әжелер» тобына бұйырды. «Асыл қазына әжелер» құрамасы «Өнерлі де, өнегелі әже» номинациясына ие болды.
