Х РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАРИЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АВТОКӨЛІК ЖЕҢІП АЛДЫ

387 көрілім

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» мәдениет кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқауы мәресіне жетті. Еліміз бойынша 74 үміткер бақ сынаған байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының ел ағалары, сондай-ақ, дін жанашыры, жарысқа демеушілік жасаған Бахаридин Аблязимов арнайы қатысты.
«Аллаға сансыз шүкірлер болсын, жасынан Құран жаттаған қарилардың байқауын қорытындылап, марапаттап отырмыз. Осы байқауды өткізуге атсалысқан ҚМДБ ұжымы мен Түркістан облыстық өкілдігіне, қариларды бастап келген облыстардың бас имамдары мен барша дін қызметкерлеріне, сонымен қатар, демеуші болған Бахаридин Нұғманұлына алғысымды білдіремін. Қатысушылардың қарым-қабілетін бағалап, жарысқа төрелік еткен қазылар алқасындағы Кәмілжан, Сәдуақас, Данияр, Ерсін және Жұманазар қариларға да рақметімді айтып, Алла жар болсын демекпін. Осы жас қариларымыз өздеріңіз секілді білімді, абыройлы азамат болып өссін!», – деді Бас мүфти марапаттау сәтінде.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, өткен қарилар байқауының жүлде қоры бұрынғыдан да қомақты болды. Мәселен, бас жүлде иегеріне жол талғамайтын шетелдік көлік берілсе, 30 пара бойынша финалдық кезеңге жолдама алған 5 қаридың екеуіне ынталандыру сыйлығы ретінде ұмра қажылығына жолдама берілді. Сондай-ақ, 20 пара бойынша тартысты өткен байқаудың да төртінші және бесінші орын иегерлеріне қазылар алқасының шешімімен ынталандыру сыйлығы табысталды.
Қазылар алқасының шешімімен 4 аталым бойынша жеңіс тұғырынан көрінген қариларға «Мәнерлеп оқу», «10 пара», «20 пара» бойынша қаржылай сый-сияпаттар жасалды. Ал, «30 пара» бойынша Бас жүлдеге ие болған шымкенттік Әлібек Жалиев жеңіл автокөлік мінді. Жүлделі екінші орыннан көрінген алматылық Мансурхан Сарварханұлы 3 млн теңге иемденсе, үшінші орын алған түркістандық Ниғматуллох Абдазимов 2 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Төртінші, бесінші орынға лайық деп танылған ақмолалық Абуали Қалпашов пен ақтөбелік Бекзат Тасболатовқа кіші қажылаққа баруға жолдама берілді.
Бас мүфти жеңімпаздармен бірге байқауға қазылық жасаған елімізге белгілі қарилар Сәдуақас Олжабай (төраға), Кәмілжан Юлдашұлы, Данияр Жұмабай, Ерсін Әміре мен Жұманазар Садырхановқа арнайы алғыс білдіріп, марапаттады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы