Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді. Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім.
Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сәкен ХАНДІЛЛАЕВ,
Түркістан қаласының мәслихат депутаты.
