ТҮРКІСТАН: ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕР ЖАНАШЫРЫ

1  055 көрілім

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде елге еңбегі сіңген бірнеше ел ағалары бар. Бірақ солардың ішінде бірі де бірегейі кенді қала Кентау қаласының тумасы Шерхан атамыздың еңбегі орасан зор. Тарихи жәдігерлерге жанашыр болып жүрген қоғам қайраткерінің өмірбаянына көз жүгіртсек жоғарыда айтылған сөздердің тектен текке айтылмағанын аңғарасыз.

Ел ағасы Шерхан Әбдіұлы Әбілов 1958 жылы қаңтар айының он бесі, қарапайым еңбекшілер отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбди Әбілов ұста болып жұмыс жасаған. Жастайынан өнерге құмар болып өскен ұлт қайраткері 1981 жылы Ленинградқа көшіп, өнер жолын Ленфильм киностудиясында актер ретінде бастайды. Тұлға ретінде бірнеше мамандық иесін бойына сіңірген Шерхан атамыз тек қана актер болып қана қоймай, журналист, тілші, кинотанушы, қоғам қайраткері және жазушы, инженер-технолог мамандықтарының иесі. Онымен қоса бірқатар ұйымдарға, соның ішінде Ресей Кинематографистер Одағына 2013 жылдан бастап мүшелік етеді.

1981 жылы «Кентауская правда» газетінің штаттан тыс тілшісі болып мақалалар жазып отырды. Онымен қоса 1984 жылдан 1993 жылға дейін «Вечерний Ленинград» газетінің штаттан тыс қызметкері болып жұмыс жасап, 1993 жылдан бастап Санкт-Петербург ұлттық журналында мақалалары басылып шықты. 1980 жылы Плеханов атындағы Ленинград тау-кен институтына түсіп, оқу орнын 1985 жылы бітіріп, сол жылы Золотошахтопроходка тресінде (горный мастер) кенші болып жұмыс жасап, бір жыл Красный бор тресіне ауысып, ол жерде 1994 жылға дейін жұмыс жасап, содан кейін аталған трестің директоры болып сайланды. Ол бұл қызметті 2000 жылға дейін атқарды. 2000 жылы Всеволжск экологиялық мамандандырылған кәсіпорнында бас директордың орынбасары болып сайланып, бұл қызметте 2003 жылға дейін жұмыс атқарды. 2009 жылы Халықаралық іргелі оқыту университетінің (МУФО) театр және кино өнері саласында философия докторы болып тағайындалып, сол жылы Халықаралық ақпарат, байланыс, техника басқармасы академиясының (МАИСУ) академигі болып қызмет атқарған. Одан бөлек кинотанушы ретінде кино өнері бойынша бірқатар кітаптар жазған. Бүгінде 20 кітаптың авторы. Бұл басылымдар университет кітапханаларының сөресінде студенттер үшін таптырмас оқу материалына айналып отыр.

Өнер жолын Ленфильм киностудиясында бастап, актер ретінде дебют жасап, содан бері фильмдер мен телехикаяларда жүзге жуық рөлдерде ойнады.

Бүгінде қоғам қайраткері тарихи жәдігерлердің жанашыры болып, бірнеше музейлерге Ресей мемлекетінен тарихи кітаптар мен өткеннен сыр шертетін тарихи мұралар жіберіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп отыр. Жақында ғана тамыз айының 17 күні Алматы қаласында орналасқан «Орталық мемлекеттік мұрағаттың» 100 жылдығына орай Ресейден арнайы 100 кітап сыйға тартты. Және бұл кітаптар Пискарев мемориалдық зиратының кітаптары болып табылады. Тарихи кітаптардың құндылығы сол – бұл кітаптар сатылмайды. Тек қоғам қайраткерлеріне дипломаттарға, губернаторларға және мемлекет басшыларына сыйға беріледі. Орталық мемлекеттік мұрағат ұжымы Шерхан Әбіловке ерекше алғысын білдіріп отыр.

Онымен қоса, 2019 жылы ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінің қорына құнды экспонаттар жіберіп, Санкт – Петербург төрінен арнайы келіп, салтанатты түрде мұражайға тарихи жәдігерлерді табыстаған болатын. Музейге «Болашақ ұрпақтың жүрегіндегі Мәңгілік ерлік» үстел медалі, блокадалық ленталар, неміс және орыс тілдеріндегі үгіт парақшалары, сондай-ақ Пискарев мемориалдық кешені туралы деректі фильмдер мен қосымша деректер берілген. Осындай құнды жәдігерлерді Санкт – Петербург төрінен арнайылап, тарихи экспонаттарды елге тарту етіп отыр.

Бүгінде еңбегімен еліне сыйлы болып отырған қоғам қайраткері Кентау қаласының құрметті азаматы. Артымнан ізім қалсын деп емес, болашақ жастар үшін осы тарихи жәдігерлерді насихаттап, тарихи маңызы бар мұраларды еліне тарту етіп отырған Шерхан Әбілов сынды ел ағалары бүгінгі болашақ жастарға үлгі болып отыр.

Ұлпан ӘБДІРАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы