МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІ ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

1  423 көрілім

Түркістан облысында дүниеге келген, мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтың биыл 90 жылдығы. Санаулы ғана ғұмырында сарқылмас із қалдырып үлгерген ұлт жанашырына киелі Түркістан төрінде «Ұлт рухын ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібеков» атты үлкен көлемде іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға, Елорда төрінен ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы келіп, қатысты. Қонақтар алдымен, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің рухына тағзым ету үшін Отырар ауданына табан тіреді.

Одан бөлек, Түркістандағы Халықаралық меймандостық университетінде материалдық және рухани жетістіктерін көпшілікке көрсету үшін көрме қойылды. Өзбекәлі Жәнібеков қолданған бұйымдары, киген киімдері, фотомұрағаттары көпшілікке таныстырылды. Шара барысы, «Өзбекәлі Жәнібеков мемлекет және қоғам қайраткері» атты тақырыптағы дөңгелек үстелімен ұласты. Жиында Ақтоты Райымқұлова Түркістандағы бұл сапардың қаншалықты маңыздылығын айтып, ыстық лебізін білдірді. Еліміз үішн аянбай тер төгіп еңбек еткен ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібековты 90 жылдығына орай «Өзбекәлі Жәнібеков» қорының президенті әрі өз немересі Әзел Бауыржанқызы сөз сөйлеп, көлемді шара үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Сейдулла Садықов, Тұрысын Хәзіретәлі, Арман Жүдебаев, Көпен Әмірбек, Құлбек Ергөбек секілді халық мақтаныштары қатысып, өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ жиынға онлайн түрде қатысып, қоғам қайраткері жайлы өз ойларын білдірген жандар да болды. Аталмыш іс-шараның себепкері Құлбек Сарсенұлы арнайы баяндама оқып, қайраткердің 90 жылдығына арналған шараны ескерусіз қалдырмай келіп отырған ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға алғысын білдірді.
«Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Біз осындай қоғам қайраткерлерін ұлықтап, өскелең ұрпаққа баяндап отыруға міндеттіміз. Баршаларыңызды осындай айтулы күнде көріп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын» – деді Ақтоты Райымқұлова
Сонымен қатар, Құлбек Сарсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты Өзбекәлі Жәнібеков туралы ескелік кітаптың тұсауы кесілді. Жиын соңы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне экскурсия, «Тұран» этнографиялық тобының концертімен жалғасын тапты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы