Созақ ауданы, Созақ ауылының орталық бөлігінде орналасқан. Қарабура әулие жөнінде жазба деректерден гөрі біздің заманымызға ауызша аңыздардың жеткені басым. Көпшілік зерттеушілердің пікірінше, Қарабура әулие – Қожа Ахмет Ясауидің замандасы болған. Аңыз деректеріне қарағанда, Қарабура «Түйем шөккен жерде дүниеден өтіп, жерленемін», деген екен. Түйесі Созақ жеріне келген уақытта шөгіп, осы жерге Қарабура қолындағы асасын қадап, дүниеден озыпты» деседі. Алғашқыда әулиеге салынған кесене жоспарда төртбұрышты, ішкі жағынан ені 4 м., биіктігі 4 м. болған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлердің қолдауымен әулиенің басына жаңа кесене тұрғызылған. ХІХ ғ. Салынған кесене жаңа кесененің ішінде сақталған. Аңыз-әңгімеде Қарабураның есімі – Бұхарназар делінеді. Жауға қарсы шапқанда Қарабурасына мінеді екен. Сондықтан Қарабура атанса керек. Осыдан-ақ Қарабура бабаның тұлғасы зор, тұрқы биік кісі болғанын байқауға болады. Өзбектер оны Бұхарахан деп те атайды. Қарабура Қарахан мемлекетінің ханы болған деген де дерек бар.Ел аузында тағы бір деректе Қарабура әулиені Арыстан бабтың дарынды шәкірттерінің бірі болған деседі.

Қарабура әулие кесенесі, ХІХ ғ.
2 497 көрілім