
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер және қорғаныс комитетінің мүшесі Ержан Құдайберген Төлепұлы Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары мен бөлім басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуді Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Мақсат Таңғатаров жүргізіп отырды.
Кездесу барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген облыс орталығындағы орын алып отырған бірқатар жайларға тоқталды.
Оның ішінде қаладағы құрылыс жұмыстарын белгіленген кесте бойынша аяқтау мәселесінің қиындап кеткенін алға тартты. Құрылыс материалдарының тым қымбаттап кетуі кестенің бұзылуына әкеліп соқтырып отыр. Сондай-ақ, пайдалануға берілген мемлекеттік және мәдени ғимараттарды қалыпты ұстап тұрудың да қиындығына орай, ірі көлемдегі шығынды жергілікті бюджет қоржыны көтермейтіндіктен республикалық бюджеттен қаржы бөлгізу керек екендігіне тоқталды.
Екінші мәселе ретінде елімізде алаңдаушылық туғызып отырған карантин шараларының орындалмауына тоқталды. Індет өршуінің бір себебі – қарапайым тұрғындардың карантин шараларын толық орындау орнына шағын құрамдағы той рәсімдерін өткізу оқиғаларының жиілеуі. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты әріптестерінен қала тұрғындары арасында түсіндіру шараларына белсенді араласуды сұрады.
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғаппар Сәрсенбай қымбатшылық қыспаққа алған тұста кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету орнына жарық, су, газ пайдалану тарифтерінің көтеріліп бара жатқандығы жығылған үстіне жұдырық болып отырғандығына қынжылыс білдірді. Жем-шөп бағасының өсуі де мал өнімдерінің қымбаттауына соқтырып отыр. Солтүстік өңірлердегі секілді оңтүстіктегі бидай, арпа өсірушілерге де субсидия (қайтарымсыз қаржы) бөлгізу керектігіне тоқталды.
Өз кезегінде Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары Ардақ Мансуров пен Рая Ибадуллаева қаладағы ауруханаларға арнайы рейд жасау барысында бірқатар кемшіліктердің орын алып отырғандығына тоқталды. Індеттің тез таралуына байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жасалып отырған Хаттаманы қайта қарауды сұрады. Себебі, қалада өкпесі қабынып компьютерлік томографияға түскен кезінде сырқаттың өкпесінің 40 пайызы залалданған болса, оны ауруханаға жатқызбай үйіне қайтару көзделеді. Алайда, осы үйіне қайтарылған науқастардың небәрі екі тәулікте өкпесінің қабынуы 65-70 пайызға өршіп кеткендері бар. Мұны шұғыл түрде республикалық дәрежеде шешпесе болмайды. Депутаттар Хаттаманы қайта қарауды талап етіп отыр. Әріптестерін қолдаған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер және қорғаныс комитетінің мүшесі Ержан Құдайберген Төлепұлы бұл мәселені құзырлы органдарға жеткізуге уәде етті. Алқалы отырыс барысында бұдан да басқа мәселелер ретімен қаралды.
Ескендір ЕРТАЙ
