- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Біз бүгін дүниедегі мамандық атаулының төресі ұстаздықты аялап, 40 жылдан аса уақыт шәкірт тәрбиелеп, өткен оқу жылында зейнеткерлікке шыққан ардагер-ұстаз Жұмагелді Шегебаевпен сұхбаттасқан едік.
– Жұмагелді Жұпарбекұлы, әуелі өзіңіз және отбасыңыз жайлы тоқталып өтсеңіз?
– Мен 1958 жылы Киров ауданында дүниеге келiп, Түркiстан қаласында М.Мұса атындағы орта мектебiн 1975 жылы ойдағыдай аяқтадым. Шымкент педагогикалық институтының дене тәрбиесi мамандығы бойынша сырттай оқыдым. Алғаш еңбек жолымды өзім оқыған мектепте, 1990 жылдан осы күнге дейін қаламыздағы iргелi бiлiм ордаларының бiрi Ә.Науайы атындағы №13 мектеп-гимназиясында шәкірттерге дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Өмiрлiк жолдасым Ұлжалғас екеуiміз 4 ұл-қызды өсіріп, олардан 8 немере сүйiп отырмыз.
– Өмірде спорт саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Мектепте оқып жүрген кезімнен спортқа бейім болдым. Әсіресе, спорттың жеңіл атлетика түріне. Қатарластарымның алды болдым десем қателеспеймін. Басқа пәндерді қайдам, бірақ дене шынықтыру пәнінен бағаларым жақсы болды. Мұхит Мұхашев деген ағамызға еліктеп өстім. Өйткені ол ТМД елдері мен 50 жастан жоғары спортшылар арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы еді. Жалпы алғанда мықты атлет болатын.
– Жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуда қызмет етіп келдіңіз, өзіңіз де жеңіл атлетикадан шәкірттеріңіз бар ма?
– Спортқа бейім оқушыларды бірден аңғаруға болады. Олармен тығыз жұмыс жасап, көңіліне жол таба алсаңыз болашақта одан үлкен үміт күтуге болады. Осы уақытқа дейін көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Олар жеңiл атлетикадан ОҚО-ның бiрнеше рет жеңiмпазы болса, 1991 жылы Ресейдің Ростов облысы Шахта қаласында өткен КСРО бiрiншiлiгiнде жүлделi 3-шi орынды иелендi. Сондай-ақ, Алматы, Семей, Жамбыл, Шымкент қалаларында Президенттiк көпсайыстан өткiзiлген жарыстарда жүлделi орындарға ие болды.
– Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?
– Сұрағыңызға жауап беріп, мақтанғандай боламын-ау (күледі). 1980-1993 жылдары аралығында жеңiл атлетика және Президенттiк көпсайыстан Түркiстан, ОҚО-ның бiрнеше дүркiн жеңiмпазы және жүлдегерi, 1994 жылы Алматы қаласында өткен республикалық жарыстың жеңiмпазы, 1995-2015 жылдары аралығында ОҚО ардагерлер арасында өткiзiлген Президенттiк көпсайыстан бiрнеше дүркiн жеңiмпазы және жүлдегерi атандым. 2018 жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында өткен ҚР Презденті Н.А.Назарбаевтың жүлдесі үшін VI Халық спорты ойындарында жазғы Президенттік көпсайыста Түркістан облысы атынан қатысып, 60 жастан жоғары спортшылар арасында жүлделі 3 орынды иелендім. Жалпы осы еңбектерiм үшiн басшылық тарапынан лайықты бағаланып, «ҚР бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi», «ҚР спорттағы жоғары жетiстiктерге жеткенi үшiн», «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгiлерiмен, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалiмен марапатталдым.
– Жұмагелді аға, Түркістанда жеңіл атлетика саласының дамуы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Шынын айту керек, бізде бүгінде осы спорт түрін дамытуға лайықты база жетіспейді. Арнайы мамандар да тапшы. Облыс орталығы атандық, алдағы уақытта жеңіл атлетиканы Түркістанда дамытуымыз қажет. Осы саланың нағыз маманы ретінде көмек беруге, дамытуға дайынмын.
– Кеше ғана аяқталған Токио Олимпиадасы туралы ойыңыз?
– Баршаңызға белгілі, спортшыларымыз тым төмен нәтижеге қол жеткізді. Алтын, күмістің ауылы алыстап кетті. Әйтеуір 8 қоланы еншіледік. Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпаковаға үміт артқан едік. Өкінішті, төртінші олимпиадасында бұған қол жеткізе алмады. Келер күннен үміт күтіп отыратын халықпыз. Сондықтан, спортшыларымыз Париж Олимпиадасына жан-жақты дайындалуы қажет.
– Әрдайым спорттық формада болу үшін не нәрсеге көңіл болу керек?
– Жылдың төрт мезгілінде әр күні таңертең сағат 5-6 да тұрып, 1 сағат жаттығу жасауды күнделікті әдетке айналдырғанмын. Соның арқасында, Құдайға шүкір ауру-сырқаттан аулақпын, қан қысымым орнында. Хадисте: «Қарынның үштен бір бөлігін тамаққа, екінші бөлігін суға және үшінші бөлігін бос қалдыр», – делінеді. Тамақтану мәдениетіне де көңіл бөліп келемін. Жалпы алғанда әрбір адам спортты жанына серік етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Сұқбатыңыз үшін рақмет. Алдағы уақытта бейнетіңіздің зейнетін көруді Алла нәсіп етсін дейміз.
Р.АРТЫҚБАЙҰЛЫ.