ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШ РЕТ 25 ШІЛДЕДЕ ӘКІМ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ

1  209 көрілім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде бастама көтерген болатын. Араға жыл салып, Мемлекет басшысының бастамасы іс жүзінде жүзеге асып, ауыл әкімдерін сайлау науқанына дайындық жұмыстары басталды. Қазіргі таңда, Түркістан облысында 181 ауыл округі болса, биылғы жылғы ауыл әкімдерін сайлау 60 ауыл округінің 241 сайлау учаскесінде өткізілетін болады. Қолданыстағы заңға сәйкес, ауыл әкіміне үміткер ретінде жекелеген азаматтар мен тіркелген саяси партиялар өз кандидаттарын ұсына алады.

Алдағы жексенбі, яғни 25 шілде күні Қазақстан бойынша ауыл әкімдерін сайлау өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен тұңғыш рет жүзеге асып отырған бұл сайлау науқаны қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшіліктің оң пікірін қалыптастырып үлгерді. Ауыл әкімдерін сайлау науқанына белгіленген уақытқа дейін жеке азаматтар мен саяси партиялар да өз үміткерлерін ұсына алады.

«Бұл жолғы сайлаудың басты артықшылығы – халықтың тікелей сайлау арқылы жұмыс атқаруға қабілеті толық жететін, өңірдің басты мәселелерін жетік білетін азаматтарды таңдау мүмкіндігіне ие болуы. Сонымен қатар, бұл сайлаудың әлемдік тәжірибеде бар және мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға оң ықпалын тигізетін ұтымды механизм екені дәлелденген», – деді саясаттану ғылымдарының доценті, phd докторы Әмірбек Айдарбек.

Сондай-ақ, «Ақжол» демократиялық партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұржан Есенбеков, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттар партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Оспанов Тұрғанбек ауыл әкімдерін сайлауға саяси партиялардың да үміткер ұсыну туралы бағыттары өзара бәсекелестікті арттырып, жұмыс сапасын арттыруға жол ашатындығын жеткізді.

Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалуда. Үміткер ретінде тіркелу 14 шілдеге дейін жүзеге асты. Ал, үмтікерлердің үгіт-насихат жұмыстары 23 шілдеге дейін жүргізіледі. Оған дейінгі уақытта орталық сайлау комиссиясы құзырлы органдармен бірлесе отырып, үміткерлердің сайлау талаптарына сәйкестігін анықтайтын болады.

Түркістан облысында ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын үміткерлерді тіркеу 26 маусымда басталып, 14 шілде күні сағат 18.00-де аяқталды. Нәтижесінде 210 үміткер тіркеліп отыр. Оның ішінде 83 үміткер – саяси партиялар, 127 үміткер – өзін-өзі ұсынғандар. Тіркеу жұмыстары аяқтала сала үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 23 шілде күні насихат жұмыстары аяқталып, 25 шілде ауыл әкімдерін сайлаудың алғашқы кезеңі басталады. Бұл туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді. Оның айтуынша, сайлау кезінде 60 ауыл округте 241 учаскеде дауыс берілетін болады. «Барлық тіркелген 210 үміткердің ішінде 10-ы (4,7%) әйел адам. Орташа жас – 45 жас, ең жас үміткер – 27 жаста. Ұсынылғандардың 31-і – қызметтегі әкім, 74-і – мемлекеттік қызметте, 19-ы – коммерциялық саладағы өкілдер, 70-і – бюджеттік саладағы қызметкерлер, 1 адам – жұмыссыз. Ең көп сайлаушылар саны Келес ауданы, Абай ауыл округінде – 12 655 адам. Ең аз сайлаушылар Сарыағаш ауданы, Әлімтау ауылдық округінде – 805 адам. Үміткерлердің ең көп тіркелген сайлау округі – Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылдық округінде», – деді Әлібек Кәденұлы.

Р.S. Қазақстанда тұңғыш рет өтетін ауыл әкімдерінің аламанына халық сенімін ақтайтын, белсенділігі, іскерлігі, жоғары жауап­кершілігі бар азаматтардың аттары озғанын қалайды бүгінде жұрт. Ал, бұқараның билікке деген сенімін арттыратын алдағы ауыл әкімдерінің сайлауын бүкіл ел болып қолдап жатыр. Ауыл халқының өз әкімін өзі сайлауы болашақ әкім үшін де, халық үшін де жаңа белес болып отыр. Енді оларға үлкен жауапкершілік жүктейтін кез келді. Көпшілік арасында сайлау кезінде руға бұра тарту болуы мүмкін екені туралы пікірлер де жиі айтылып жатқаны да жасырын емес. Алдағы уақытта кіл мықтыда кімнің мықты екені тікелей дауыс беру арқылы анықталатын саяси бәйгенің уақыт өте келе деңгейі биіктей түсетін болады. Ендеше, саяси додада ауыл өмірін жақсы білетін, іскер ауылды өркендету жолында аянбай еңбек ететін азаматтардың асығының алшы тұруына тілекшіміз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы