Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс XLV конференциясы болып өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, қалалық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері, қоғамдық кеңес төрағалары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасын сайлау, «Nur Otan» партиясы Түркістан қаласы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының орындалу барысы және саяси кеңес мүшелерінің құрамына өзгертулер енгізу туралы мәселелер қаралды. Конференцияға қатысушылардың бірауыздан дауыс беруінің нәтижесінде Партияның қалалық филиалының төрағасы болып, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков сайланды. Айта кетейік, Нұрбол Әбдісаттарұлы Түлкібас, Ордабасы аудандарын басқарған кезде ерекше іскерлігімен танылғанын білеміз. Қазіргі күні тарихи мекеннің тізгінін ұстаған әкім мұндағы мәселелердің негізгісімен танысып, ұтымды шешім қабылдап жатқанынан тұрғындар хабардар болып үлгерді. Осы мақсатта Партияның Жол картасын жүзеге асыруға мүмкіндігі мол екені анық.
Сонымен бірге, күн тәртібіндегі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының орындалу барысы туралы қала әкімінің орынбасары М.Базарқұлов баяндама жасады. Онда «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы баяндалды. Соның ішінде сайлауалды бағдарламаның төрт бағыты бойынша 362 іс-шара қамтылғанын айта кету қажет. Аталған шаралардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ экономика мен өңірдің тұрақты дамуына бағытталған.
Ал, саяси кеңес мүшелерінің құрамына өзгертулер енгізу туралы үшінші мәселе бойынша Түркістан қалалық филиалы саяси кеңесінің жаңа құрамына өзгертулер енгізіліп, саяси кеңестің жаңа құрамы таныстырылды. Осылайша күн тәртібінде қаралған мәселелер делегаттардың дауыс беруімен толықтай қолдау тапты.
Жиын барысында сөз алған «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев ҚР Үкіметі Түркістан өңірін дамытудың екінші кезеңін бастау жөнінде шешім қабылдағанын, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының өз деңгейінде орындалуы аса маңызды екеніне тоқталып, бұл бағытта уақытпен санаспай жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, осындай ел алдындағы уәденің іске асуына қала әкімі, партия филиалының төрғасы Нұрбол Әбдісаттарұлының қосар үлесінің мол екендігіне және үдеден шығу жолында нәтижелі қызмет ететініне сенім білдірді.