МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ӘДЕП САҚТАУ

1  675 көрілім

Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұл ретте біз мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.

Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Сондықтан ел алдындағы азаматтардың қашанда үлгілі істерге жақын болғаны абзал.

Мемлекеттік қызметші әркез әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыста, демалыс күндерінде, қонақта болсын, тіпті жай үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. «Өзі жақсы адамға, мың кісілік орын бар» деген сөздің төркіні дәл осы халыққа қызмет етушілерге бағытталғанын естен шығармау керек десем артық айтпаған болармын. Демек ел алдында жүрген адамның қандай жағдайда болмасын әдептіліктің ауылынан ұзамағаны жөн. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет. Әр мемлекеттік қызметші аталған Әдеп кодексінде айтылғандарды басшылыққа алғаны абзал.

Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.

Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият орындап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуы қажет.

Н.ОШАНТАЕВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастырушылық жұмыс бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы